ҚМА заңсыз интернет-казиноларды жарнамалаған блогерге халықаралық іздеу жариялады

ҚМА заңсыз интернет-казиноларды жарнамалаған блогерге халықаралық іздеу жариялады
dknews.kz

Қаржылық мониторинг агенттігі Өзбекстан азаматы, 2000 жылғы 19 ақпанда туған, «Маха.dxb» лақап атымен танымал Махмуд Умидович Хикматовқа халықаралық іздеу жариялады, деп хабарлайды ult.kz.

Сот күдіктіні қамауда ұстауға санкция берген.

ҚМА мәліметінше, Хикматов «SultanGames», «PINCO», «Nomadcasino», «Pin-Up», «Vavada» және басқа да заңсыз интернет-казиноларды жарнамалап, насихаттауға қатысы бар деген күдікке ілінген.

Агенттік Қазақстан аумағында интернет-казинолардың заңсыз жұмыс істеуіне жағдай жасайтын жүйе құрылғанын анықтаған. Оның аясында интернет-казино интерфейстері ұсынылып, ақша қабылдау және төлем жасау ұйымдастырылған. Бұл үшін эквайринг, мобильді төлемдер мен криптовалюта қолданылған.

Сонымен қатар интернет-казиноларға жаңа ойыншылар тарту үшін әлеуметтік желілерде жарнама таратылған.

Тергеу мәліметінше, ұйымдастырушылар заңсыз ойынханаларды жарнамалау үшін Хикматовты тартқан. Оған Қазақстанда жұмыс істейтін инфлюенсерлерді тауып, олар арқылы жарнамалық материалдарды жариялату тапсырылған.

Хикматов блогерлерден олардың әлеуметтік желідегі парақшаларының статистикасын, оның ішінде жазылушыларының демографиялық және географиялық көрсеткіштерін, сондай-ақ жарияланымдардың қамту аудиториясы туралы ақпаратты сұратқан. Жарнама ақысы осы көрсеткіштерге қарай белгіленген.

ҚМА мәліметінше, ол 35-тен астам блогерді жарнамаға тартқан. Олардың қатарында блогер Қамза Қ. да болған. Ол интернет-казиноларға апаратын рефералдық сілтемелерді жариялап, пайдаланушыларды тыйым салынған құмар ойындарға тартқаны және әрбір сілтемеге өту үшін сыйақы алғаны анықталған.

Еске салайық, Қамза Қ. 6 тамызда Вьетнамнан Қазақстанға экстрадицияланған.

ҚМА іздеудегі Хикматовтың жүрген жері туралы ақпарат білетін азаматтарды агенттікке хабарласуға шақырды.

Кезекші бөлім: +7 7172 70 84 78
Call-center: 1458

Агенттік ақпарат берген адамның аты-жөні құпия сақталатынына және сыйақы төленетініне кепілдік береді.