Freedom Inside '26

ҚМА 14 өңірде жұмыс істеген «CVK» қаржы пирамидасының жолын кесті

ҚМА 14 өңірде жұмыс істеген «CVK» қаржы пирамидасының жолын кесті
ашық дереккөз

Қаржылық мониторинг агенттігі «CVK» атауымен жұмыс істеген қаржы пирамидасының қызметін тоқтатты. Қазіргі уақытта Агенттіктің аумақтық департаменттері еліміздің 14 өңірінде сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр, деп хабарлайды ult.kz.

Тергеу мәліметінше, жоба өзін маркетплейс ретінде таныстырып, азаматтарға тұрақты табыс әкелетін түрлі инвестициялық «дүкен» пакеттерін сатып алуды ұсынған. Алайда жүйеде көрсетілген сауда операциялары нақты болмаған.

Қатысушылардың жеке кабинеттерінде шын мәнінде сатылмаған тауарларға қатысты орындалған тапсырыстар мен жеткізілімдер көрсетіліп, сол үшін виртуалды сыйақылар есептелген. Сонымен қатар жобаның негізгі тетігі жаңа салымшыларды тартуға құрылған. Ұйымдастырушылар реферальдық жүйе арқылы жаңа қатысушылар әкелгендерге ақшалай бонус пен бағалы сыйлықтар уәде еткен.

ҚМА мәліметінше, агрессивті жарнама мен өңірлердегі белсенді насихат жұмыстарының нәтижесінде заңсыз схемаға шамамен 1,5 мың адам тартылған. Жобаны насихаттау үшін жабық кездесулер, кеңселердің салтанатты ашылуы және жаппай таныстырылымдар ұйымдастырылып, олардың материалдары әлеуметтік желілерде кеңінен таратылған.

Тергеу барысында қаржы ағындарының криптовалюталық платформалар арқылы шығарылып, кейін банктік шоттарға аударылғаны анықталған. Агенттіктің жедел шаралары нәтижесінде 474 мың USDT көлеміндегі криптоактивтерге тыйым салынды.

Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру жалғасып жатыр. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етілмейді.

Қаржылық мониторинг агенттігі «CVK» жобасының қызметінен зардап шеккен азаматтарды тұрғылықты жері бойынша ведомствоның аумақтық департаменттеріне жүгінуге шақырды.