Қазақстаннан бензинді заңсыз экспорттаған топ 37 млрд теңге тапқан

Қазақстаннан бензинді заңсыз экспорттаған топ 37 млрд теңге тапқан
ашық дереккөз

Қаржылық мониторинг агенттігі Бас көлік прокуратурасының үйлестіруімен АИ-92 маркалы бензинді Қырғызстанға заңсыз экспорттаумен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысты тергеуді аяқтады, деп хабарлайды ult.kz.

Тергеу мәліметінше, топ құрамында тоғыз адам болған. Олар заңсыз схеманы жүзеге асыру үшін мұнай өнімдерін сатып алу, құжаттандыру және шетелге шығару мақсатында 12 заңды тұлға тіркеген.

Күдіктілер бензиннің шығу тегін заңдастыру және оны экспорттау үшін «Қара Май ОйЛ» және «Petro Bazis» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің шағын мұнай өңдеу зауыттарын пайдаланған. Құжаттар бойынша кәсіпорындар АИ-92 бензинін жеңіл дистиллятпен немесе еріткіштермен араластыру қызметін көрсеткен.

Алайда тергеу барысында зауыттарда ешқандай технологиялық өңдеу жүргізілмегені анықталды. Мұнай өнімі тек теміржол цистерналарына құйылып, кейін жалған құжаттар арқылы ароматты көмірсутектер қоспасы, еріткіш немесе жеңіл көмірсутектер қоспасы ретінде рәсімделген.

Осының нәтижесінде автокөлік бензині мұнай-химия өнімі ретінде көрсетіліп, Қырғызстанға заңсыз шығарылған. Агенттік бұл әрекеттердің еліміздің ішкі нарығында мұнай өнімдерінің тапшылығы байқалған кезеңде де жалғасқанын атап өтті.

Ведомствоның дерегіне сәйкес, заңсыз экспортталған бензин көлемі 190 мың тоннадан асып, қылмыстық топтың көлеңкелі айналымы 37,2 миллиард теңгеге жеткен.

Жедел-іздестіру шаралары барысында «Түрксіб» станциясында Қырғызстанға жөнелтілмек болған шамамен 500 тонна заңсыз бензин тиелген сегіз теміржол цистернасы ұсталған.

Құны 138 миллион теңге болатын тәркіленген жанармай мемлекет кірісіне өткізілді.

Қазіргі уақытта қылмыстық іс сотқа жолданған. Тергеу мүддесіне байланысты өзге мәліметтер жария етілмейді.