Қазақстанға кіруге бес жылға тыйым салынған Өзбекстан азаматы елге атпен заңсыз өтіп, Атырауда интимдік қызмет көрсеткен, деп хабарлайды ult.kz.
Halyqstan Telegram арнасының жазуынша, 26 жастағы әйел бұған дейін Атырауда тұрып, ақылы интимдік қызмет көрсеткені үшін 2025 жылдың тамызында Қазақстаннан шығарылған. Оған бес жыл бойы елге кіруге тыйым салынған.
Кейін Бішкекте жүргенде Қазақстанға заңсыз кіруге көмектесетін адаммен танысып, оған 900 мың теңге төлеген. Әйел шекараны ресми өткізу бекетін айналып өтіп, атпен кесіп өткен.
Атырауға жеткен соң ол қайтадан пәтер жалдап, қызметін жалғастырған. Алайда оны ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері ұстап, қылмыстық іс қозғалды.
Сотта әйел кінәсін мойындап, елге қайта оралуына материалдық қиындық себеп болғанын айтты.
Сот шешімімен оған 1 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Жазасын өтегеннен кейін ол Қазақстаннан шығарылып, елге тағы бес жыл кіруге тыйым салынады.