Қазақстанда жылу есептегіші жоқ үйлерде тұратын тұтынушыларға жылу энергиясы үшін төлем қайта есептелді, деп хабарлайды ult.kz.
Қазақстан Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу комитеті мен оның аумақтық департаменттері 2025–2026 жылдардағы жылыту маусымы бойынша тиісті жұмысты аяқтады.
Ведомство мәліметінше, жылу энергиясын есепке алу аспаптары жоқ тұтынушылар үшін жылу ақысы қайта есептеліп, оның жалпы сомасы 1 млрд 217,02 млн теңгені құрады.
Қайта есептеу сыртқы ауаның нақты температурасы ескеріліп жүргізілген. Бұл сома тұтынушының жеке шотында аванс (сальдо) ретінде бөлек жолмен көрсетіледі.
Қайта есептелген қаражат өңірлер бойынша мынадай:
- Астана – 460,67 млн теңге;
- Алматы – 57,77 млн теңге;
- Шымкент – 38,50 млн теңге;
- Абай облысы – 0,27 млн теңге;
- Алматы облысы – 12,70 млн теңге;
- Ақмола облысы – 13,98 млн теңге;
- Атырау облысы – 22,09 млн теңге;
- Ақтөбе облысы – 11,03 млн теңге;
- Шығыс Қазақстан облысы – 298,56 млн теңге;
- Жамбыл облысы – 26,06 млн теңге;
- Батыс Қазақстан облысы – 1,82 млн теңге;
- Қостанай облысы – 25,69 млн теңге;
- Қызылорда облысы – 42,21 млн теңге;
- Маңғыстау облысы – 161,60 млн теңге;
- Павлодар облысы – 29,11 млн теңге;
- Солтүстік Қазақстан облысы – 14,59 млн теңге;
- Түркістан облысы – 0,37 млн теңге.
Комитеттің түсіндіруінше, Қарағанды, Ұлытау және Жетісу облыстарында бөлек қайта есептеу жүргізілмейді. Себебі бұл өңірлерде жылу қызметінің құны бастапқыдан сыртқы ауаның нақты температурасы ескеріліп есептелген.
Ал Астанада 2025–2026 жылдардағы жылыту маусымы бойынша төлем сыртқы ауаның нақты температурасына қарай қайта есептелген. Елордалық тұтынушылардың ай сайынғы төлемі маусым бойы температураның өзгеруіне байланысты түзетіліп отырған.
Салыстыру үшін, 2024–2025 жылдардағы жылыту маусымының қорытындысы бойынша жылу есептегіші жоқ тұтынушыларға шамамен 1,55 млрд теңге көлемінде қайта есептеу жүргізілген.