Қазақстанда тұтынушылық несие алу талаптары әзірге қатаңдатылмайды. Ұлттық банк пен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (ҚНРДА) бұған дейін қабылданған шаралар жеткілікті нәтиже бергенін айтып, қосымша шектеулер енгізбеу туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды ult.kz, Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.
Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменовтің айтуынша, 2024 жылдан бері кезең-кезеңімен енгізілген өзгерістер кепілсіз тұтынушылық несиелердің шамадан тыс өсуін тежеуге мүмкіндік берген. Бұл өз кезегінде инфляцияның артуына әсер еткен негізгі факторлардың бірі болған.
Қандай жаңа шектеулер енгізілмейді?
Реттеушілер қарыз алушыларға қойылатын талаптарды одан әрі күшейтпеуге келісті. Атап айтқанда:
- қарыз жүктемесі коэффициентіне (ҚЖК) қатысты талаптар қатаңдатылмайды;
- қарыздың табысқа қатынасы көрсеткіші (ҚТК) өзгеріссіз қалады;
- ипотекалық несиелер бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі (ЖТСМ) төмендетілмейді.
Тимур Сүлейменовтің айтуынша, экономикадағы сұраныс қазір негізінен жеке сектордағы инвестициялар есебінен қолдау тауып отыр. Сондықтан қосымша шектеулер енгізудің қажеттілігі жоқ.
Қазір қандай талаптар күшінде?
Соңғы екі жылда несие беру тәртібі онсыз да айтарлықтай өзгерген. Қазіргі таңда:
- банктер қарыз алушының төлем қабілетін бағалау кезінде қарыздың табысқа қатынасын есептейді;
- онлайн несие рәсімдеу кезінде клиенттерді тексеру күшейтілген;
- мерзімі өткен берешегі бар азаматтарға жаңа несие берілмейді;
- 1000 АЕК-тен (шамамен 4,3 млн теңге) асатын несие рәсімдеу үшін жұбайының немесе зайыбының келісімі қажет.
Реттеушілердің пікірінше, дәл осы шаралар тұтынушылық несиелеу қарқынын төмендетуге ықпал еткен.
Ипотека бойынша не өзгереді?
Қазір ипотекалық несиелердің ең жоғары жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі 25 пайыз деңгейінде сақталады. Бұған дейін бұл көрсеткішті 20 пайызға дейін төмендету ұсынылғанымен, талқылау нәтижесінде бұл бастамадан бас тартылған.
Дегенмен, 2027 жылдан бастап жаңа тәсіл енгізіледі. Онда ипотеканың ең жоғары мөлшерлемесі бастапқы жарна көлеміне байланысты белгіленеді. Егер бастапқы жарна тұрғын үй құнының кемінде 30 пайызын құраса, ең жоғары мөлшерлеме 20 пайыз болады. Ал бастапқы жарна бұдан төмен болған жағдайда, мөлшерлеме 25 пайыз деңгейінде қалады.
Неліктен жаңа өзгерістер енгізілмеді?
ҚНРДА төрағасының орынбасары Дәурен Сәлімбаевтың мәліметінше, кепілсіз несиелер бойынша төлемей қалу деңгейі небәрі 1,5 пайызды құрайды. Сонымен қатар бөлшек несиелеудің өсу қарқыны да баяулаған.
Осыған байланысты Ұлттық банк пен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі қазіргі қолданыстағы талаптар жеткілікті деген қорытындыға келіп, әзірге жаңа шектеулер енгізбеу туралы шешім қабылдады.