Қазақстанда бір мезетте 51 денсаулық сақтау нысаны салынып жатыр

Қазақстанда бір мезетте 51 денсаулық сақтау нысаны салынып жатыр
Алматы әкімдігі

Қазақстанда медициналық инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары қарқын алды. Қазіргі таңда еліміздің әр өңірінде жалпы құны 108 млрд теңгені құрайтын 51 денсаулық сақтау нысанының құрылысы қатар жүргізілуде, деп хабарлайды ult.kz. 

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, қаржының 55 млрд теңгесі «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында аудандық ауруханаларды жаңғыртуға бағытталған. Ал 53 млрд теңге бюджеттік инвестициялық жобаларды іске асыруға бөлінген.

Қазір Қызылорда мен Өскеменде 300 орындық көпбейінді ауруханалар, Атырау облысындағы Өркен және Нұрсая шағын аудандарында емханалар, Солтүстік Қазақстан облысының Бескөл ауылында тәулігіне 250 адам қабылдайтын және Талдықорғанда бір ауысымда 500 адамға қызмет көрсететін емханалар салынуда.

Сонымен қатар 2026 жылы Арнаулы мемлекеттік қор қаражаты есебінен қаржыландырылған бірқатар нысан пайдалануға беріледі. Олардың қатарында Қарағандыдағы онкологиялық диспансер, Талдықорғандағы облыстық балалар ауруханасының жаңғыртылған ғимараты, Жетісу облысындағы Кербұлақ аудандық ауруханасы және Өскемендегі Гематология орталығы бар.

Жоспарға сәйкес, 2026 жылдың соңына дейін 32 аудандық аурухана жаңғыртылып, заманауи көпбейінді аудандық орталық ауруханалар деңгейіне жеткізіледі. Бұл мекемелер компьютерлік томографтар, ангиографиялық кешендер және басқа да жоғары технологиялық медициналық жабдықтармен қамтамасыз етіледі. Мұндай жаңғырту инсульт пен инфаркт кезінде науқастарға дер кезінде көмек көрсету мүмкіндігін арттырып, жүрек-қан тамырлары аурулары мен инсульттен болатын өлім-жітімді шамамен 20 пайызға төмендетуге ықпал етеді.

Сондай-ақ мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында Көкшетауда 630 орындық, Қосшыда 350 орындық көпбейінді ауруханалар және Алматыда жаңа медициналық кешеннің құрылысы жалғасуда.

Бұдан бөлек, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2029 жылға дейін Астана, Алматы, Шымкент, Қарағанды, Қаскелең, Қызылорда, Орал және Түркістан облысының Темірлан ауылында барлығы 9 жаңа перинаталдық орталық салу жоспарланған. Бұл жобалар ана мен бала денсаулығын қорғау қызметінің сапасын арттыруға және халыққа көрсетілетін медициналық көмектің қолжетімділігін кеңейтуге бағытталған.