Қазақстан жанармайдың заңсыз әкетілуіне қарсы жаңа шектеу енгізді

Қазақстан жанармайдың заңсыз әкетілуіне қарсы жаңа шектеу енгізді
ашық дереккөз

Қазақстан билігі жанармайдың "көлеңкелі" жолмен шетелге шығарылуын тежеу мақсатында шекаралас елдерден келетін көліктерге жаңа шектеу енгізді, деп хабарлайды ult.kz. 

Энергетика вице-министрі Қайырхан Тұтқышбаевтың айтуынша, енді шекаралас мемлекеттерден келетін жеңіл және жүк көліктері Қазақстан аумағына тәулігіне бір реттен артық кіре алмайды. 

Сонымен қатар құзырлы органдар қосымша жанармай бактары орнатылған көліктерді анықтауға ерекше назар аударып жатыр. Мұндай бактар көбіне жанармайды заңсыз алып шығу үшін пайдаланылады. 

Үкіметтің мәліметінше, соңғы екі тәуліктің өзінде шекара бекеттерінде: 

  • 61 заңсыз жанармай әкету әрекетінің жолы кесілді; 
  • қосымша бактар мен канистрлерден 3 тоннадан астам жанармай тәркіленді. 

Еске салайық, бұған дейін БАҚ-та Ресей азаматтарының Қазақстанға арзан жанармай алу үшін жиі келе бастағаны туралы ақпарат тараған еді. Әсіресе Самарадан шамамен 200 шақырым жерде орналасқан Орал қаласында сұраныс күрт артқаны хабарланған.