Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл

Уранға әлемдік сұраныс артып жатқан тұстағы «Қазатомөнеркәсіп»

Уранға әлемдік сұраныс артып жатқан тұстағы «Қазатомөнеркәсіп»
Қазатомөнеркәсіп

Әлемде атом энергетикасының дамуы уранға деген сұраныстың ұзақ мерзімді өсуіне негіз қалыптастырып отыр. Дүниежүзілік ядролық қауымдастықтың (World Nuclear Association) базалық болжамына сәйкес, атом электр станцияларының уранға деген жылдық қажеттілігі екі еседен астам артып, 2025 жылғы шамамен 69 мың тоннадан 2040 жылға қарай 150 мың тоннадан асуы мүмкін.

Әлемдік уран өндірісінің бастапқы көлемінің шамамен 40 пайызы Қазақстанның үлесіне тиесілі. Ал әлемдегі ең ірі уран өндіруші «Қазатомөнеркәсіптің» үлесі шамамен 20 пайызды құрайды.

Ұлттық атом компаниясы 2026 жылдың тоғыз айындағы аудиттен өтпеген қаржылық есептілігін жариялады. Есепті кезеңде шоғырландырылған түсім 1,4 триллион теңгеге жуықтап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 16 пайызға өсті. Операциялық пайда 560 миллиард теңгеден асса, таза пайда шамамен 479 миллиард теңгені құрады.

Бұған дейін хабарланғандай, ағымдағы жылдың тоғыз айында уран өндіру көлемі 20,5 мың тоннадан, ал сату көлемі 14 мың тоннадан асты. Екі көрсеткіш те 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 10 пайызға өскен.

Әлемдік уран нарығына тән ерекшеліктің бірі – ұзақ мерзімді келісімшарттардың басымдығы. Энергетикалық компаниялар уран сатып алуды бірнеше жыл бұрын жоспарлайды. Сондықтан жеткізушілердің сенімділігі, шикізат базасына қолжетімділік және келісімшарттық міндеттемелерді орындау мүмкіндігі сатып алушылар үшін аса маңызды.

«Қазатомөнеркәсіп» Азия, Еуропа және Америка елдеріндегі тұтынушыларға табиғи уран жеткізеді. 2026 жылы компания Үндістан мен Қытайдың ірі энергетикалық компанияларымен уран жеткізу жөнінде жаңа келісімшарттар жасасты. Өткізу нарықтарын әртараптандырумен қатар, уран тасымалдаудың баламалы бағыттарын дамыту жұмыстары да жалғасып келеді.

Уранға деген сұраныстың болжамды өсуі жағдайында оны ұзақ мерзімді әрі тұрақты жеткізуді қамтамасыз ету әлемдік атом энергетикасын дамытудың негізгі мәселелерінің біріне айналып отыр.