Заңсыз жанармай тасымалдамақ болған 255 жүргізуші жауапқа тартылды

Заңсыз жанармай тасымалдамақ болған 255 жүргізуші жауапқа тартылды
Видеодан скриншот

Ішкі істер министрлігі мемлекеттік шекара арқылы жанар-жағармай материалдарын заңсыз әкетуге қарсы бақылауды күшейтті. Жыл басынан бері көліктерге қосымша отын багын заңсыз орнатуға қатысты 255 құқық бұзушылық анықталған, деп хабарлайды ult.kz.

Ведомство мәліметінше, қазіргі уақытта мемлекеттік шекарадағы автомобиль өткізу бекеттерінің маңында 59 полиция бекеті жұмыс істеп тұр. Олардың негізгі міндеті – жанар-жағармайдың заңсыз тасымалдануына жол бермеу.

Полицейлердің айтуынша, анықталған барлық құқық бұзушы Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 590-бабының 7-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Жауапқа тартылғандардың 195-і – шетел азаматтары, ал 60-ы – Қазақстан азаматтары. Заңсыз орнатылған қосымша отын бактары алынып, көліктер иелеріне қайтарылды.

Айта кетейік, көлік құралына рұқсатсыз өзгеріс енгізіп, қосымша отын багын орнатқаны үшін 15 айлық есептік көрсеткіш (64 875 теңге) көлемінде айыппұл қарастырылған.