Қазақстанда электрондық сауда алаңдары мен интернет-жарнама арқылы орналастыруға және сатуға тыйым салынған немесе шектеу қойылған тауарлардың тізімі бекітілді, деп хабарлайды ult.kz.
Қазақстанда электрондық сауда алаңдары мен интернет-жарнама арқылы орналастыруға және сатуға тыйым салынған немесе шектеу қойылған тауарлардың тізімі бекітілді.
Құжат 32 санаттағы тауарды қамтиды. Онда маркетплейстерде қандай өнімдерді сатуға болмайтыны және қандай талаптармен сатылатыны нақты көрсетілген.
Тізімнің басым бөлігін қару-жарақ түрлері құрайды. Олар айналымы шектеулі және толық тыйым салынған қарулар болып екіге бөлінеді.
Айналымы шектеулі қаруларға механикалық шашыратқыштар, аэрозольді құрылғылар, оқсыздандырылған және дабыл беретін қарулар, суық қарулар, электршокерлер, пневматикалық және атыс қарулары жатады. Мұндай тауарларды тек 18 жасқа толған азаматтарға және лицензиясы бар заңды тұлғалар – қару-жарақ дүкендері ғана сата алады. Ал атыс қаруын сатып алу үшін ішкі істер органдарының арнайы рұқсаты қажет.
Ал азаматтық және қызметтік мақсатта қолдануға толық тыйым салынған қарулардың қатарына калибрі 4,5 миллиметрден жоғары пневматикалық қарулар, оқжатар сыйымдылығы 10 оқтан асатын ұзын ұңғылы қарулар, автоматты қарулар, басқа заттарға ұқсатып жасалған қарулар, лақтырылатын қарулар, жүзі автоматты түрде шығатын әрі ұзындығы 90 миллиметрден асатын пышақтар, бронь бұзатын, жандырғыш немесе жарылғыш оқтар, сондай-ақ әсері радиоактивті немесе биологиялық факторларға негізделген қарулар енгізілген. Сонымен қатар металл іздегіш құралдармен анықталмайтын материалдан жасалған және криминалистикалық талаптарға сәйкестігін растайтын құжаттары жоқ қаруларды сатуға болмайды. Бұл талаптардың орындалуын Ішкі істер министрлігі бақылайды.
Темекі өнімдерін, оның ішінде қыздырылатын темекі өнімдерін, кальян темекісін және темекіні қыздыру жүйелерін сатуға рұқсат етіледі. Алайда оларды 21 жасқа толмаған адамдарға, ашылған қораптан бөлшектеп сатуға, сауда автоматтары арқылы өткізуге, сондай-ақ денсаулық сақтау, білім беру ұйымдары мен спорт нысандарының аумағында сатуға тыйым салынады.
Ал түтінсіз темекі өнімдері, электрондық темекілер (вейптер), оларға арналған сұйықтықтар мен хош иістендіргіштерді әкелуге, өндіруге, сақтауға, тасымалдауға, таратуға және сатуға толық тыйым салынған. Бұл бағыттағы бақылауды Мәдениет және ақпарат министрлігі жүзеге асырады.
Этил спирті мен алкоголь өнімдеріне қатысты да бірқатар шектеулер енгізілген. Техникалық регламент талаптарына сәйкес келмейтін, қаңылтыр ыдыстағы, заттаңбасы немесе акциздік маркасы жоқ алкоголь өнімдерін сатуға болмайды.
Сондай-ақ алкогольді 21 жасқа толмағандарға сатуға, арақ пен күшті алкоголь өнімдерін ең төменгі бөлшек сауда бағасынан төмен бағамен өткізуге тыйым салынады. Бұдан бөлек, алкоголь өнімдерін сағат 23:00-ден таңғы 08:00-ге дейін, ал құрамындағы спирт мөлшері 30 пайыздан жоғары сусындарды сағат 21:00-ден келесі күнгі 12:00-ге дейін сатуға болмайды. Бұл шектеу мейрамханаларға, барларға, кафелерге және жолаушылар көлігіне қолданылмайды.
Сексеуіл ағашынан жасалған өнімдер де тізімге енгізілді. Экология және табиғи ресурстар министрінің 2024 жылғы 30 қазандағы бұйрығына сәйкес, мемлекеттік орман қоры аумағындағы сексеуіл ормандарын кесуге қойылған тыйым мерзімі аяқталғанға дейін мұндай өнімдерді сатуға болмайды. Тыйым 2028 жылдың 31 желтоқсанына дейін күшінде болады.
Жануарлардан алынатын өнімдерге қатысты да талаптар күшейтілді. Ветеринариялық-санитариялық сараптамадан өтпеген ет, сүт, жұмыртқа және өзге де өнімдерді сатуға тыйым салынады. Ауыл шаруашылығы жануарларын сою кезінде міндетті түрде ветеринариялық анықтама болуы тиіс. Сондай-ақ жеті тәуліктен артық сақталған ет пен субөнімдерді өткізуге рұқсат етілмейді.
Бұдан бөлек, Қазақстанда мемлекеттік тіркеуден өтпеген және сәйкестік сертификаты жоқ дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды көтерме немесе бөлшек саудада сатуға толық тыйым салынған.