Қазақстандықтардың үштен бірі жақынын жерлеуге қарыз алады

Қазақстандықтардың үштен бірі жақынын жерлеуге қарыз алады
ашық дереккөз

Қазақстандықтардың шамамен үштен бірі жақынын жерлеу рәсімін несие не қарызсыз өткізе алмайды. Бұл туралы 2026 жылғы халықтың өмір сүру сапасына қатысты іріктемелі сауалнама нәтижелеріне сүйенген деректерде айтылған, деп хабарлайды ult.kz Ranking.kz сайтына сілтеме жасап.

Зерттеу бойынша, респонденттердің 34,7%-ы жерлеу рәсіміне қажетті шығындарды қарызсыз өтеуге қаржылық мүмкіндігі жетпейтінін көрсеткен. Бұл көрсеткіш соңғы бірнеше жылда айтарлықтай өзгермеген: 2023 жылдан бері қарызсыз жерлеу рәсімін өткізе алатындардың үлесі шамамен 63–66%, ал қаржылық қиындыққа тап болатындардың үлесі 34–37% аралығында болған.

Ең осал топ – зейнеткерлер. Олардың 41,2%-ы жақынын жерлеуге қарызсыз ақша жеткізе алмайтынын айтқан. Ал 29–38 жас аралығындағы респонденттердің 71,5%-ы мұндай шығындарды қарыз алмай өтей алатынына сенімді.

Жерлеу қызметтері бір жылда 3,5 есе қымбаттаған

Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, Қазақстанда ритуалдық қызметтерге жұмсалған қаражат көлемі 2024 жылғы 6,4 млрд теңгеден 2025 жылы 22,2 млрд теңгеге дейін өскен.

Оның ішінде:

  • жерлеу бюролары көрсеткен қызметтердің көлемі – 7,4 млрд теңге;
  • жерлеу және кремация қызметтері – 14,8 млрд теңгеден астам.
  • Жерлеу және кремация қызметтерінің көлемі бір жылда 5,6 есеге артқан.

Дегенмен бұл сома қазақстандықтардың жерлеуге жұмсайтын барлық шығынын қамтымайды. Статистикаға жерлеу рәсіміне қажетті киім, табыт, кілем және басқа да заттарға кеткен шығындар, сондай-ақ асхана мен дәмханаларда өткізілетін құдайы тамақ пен еске алу дастархандарына жұмсалған қаражат кірмейді.

Жерлеу рәсімі қанша тұрады?

Салалық шолуларға сәйкес, биыл Қазақстанның ірі қалаларында қарапайым жерлеу рәсімінің құны шамамен 250 мың теңгеден 600 мың теңгеге дейін жетеді. Бұл сомаға кей жағдайда жерлеу орнының жағдайын жасау мен ас беру шығындары кірмеуі мүмкін.

Ал дәстүрлі ас пен үлкен жиын ұйымдастырылған жағдайда шығын бұдан да жоғары болуы ықтимал.

Сонымен қатар соңғы жылдары ритуалдық қызметтердің бағасы да өскен. 2022 жылы олардың тұтыну бағаларының индексі 114,7%, 2023 жылы 120,6% болған. 2025 жылдың қорытындысында бұл көрсеткіш 106%-ға дейін төмендеген. Ал 2026 жылдың қаңтар–шілде айларында ритуалдық қызметтер бағасы тағы 6,6%-ға өскен.

Өңірлер бойынша баға динамикасы әртүрлі. Мәселен, Ақтөбе облысында биылғы қаңтар–шілде айларында ритуалдық қызметтер 20%-ға қымбаттаған. Ал Абай, Ақмола, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Ұлытау облыстарында, сондай-ақ Астанада баға өсімі тіркелмеген.

Әрбір бесінші зейнеткердің күтпеген шығынға қоры жоқ

Зерттеу қазақстандықтардың бір бөлігінде тіпті салыстырмалы түрде аз мөлшердегі күтпеген шығынды жабуға қаражат жоқ екенін көрсеткен.

Респонденттердің 17,5%-ы қажет болған жағдайда 30–40 мың теңге көлеміндегі күтпеген шығынды да өтей алмайтынын айтқан. Зейнеткерлер арасында бұл көрсеткіш 21%-ға жетеді.

Ал экономикалық тұрғыдан белсенді 29–38 жастағы адамдар арасында күтпеген шығынға қоры жоқтардың үлесі 14,2% болған.

Мамандар мұндай жағдайды қаржылық сауаттылықтың жеткіліксіздігімен, отбасы бюджетін қысқа мерзімге жоспарлаумен және табыстың жинақ жасауға мүмкіндік бермейтінімен байланыстырады. Сарапшылар күтпеген жағдайларға арналған қаржылық қорда кемінде 3–6 айлық шығын көлемінде қаражат болғанын ұсынады.