Батыс Қазақстан облысында полиция үйінің ауласында қарасора өсіріп, гаражда оның кептірілген жапырақтары мен тұқымдарын сақтаған 36 жастағы ер адамды ұстады, деп хабарлайды ult.kz.
Ол «Қарасора-2026» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында анықталған. Тұрғынның үйіне санкцияланған тінту жүргізу кезінде ауладан қарасора тектес үш өсімдік тәркіленді.
Бұдан бөлек, гараждан кептірілген қарасора жапырақтары салынған үш орама, шегуге арналған төрт құрал және металл ыдыста сақталған өсімдік тұқымдары табылды.
Полицейлер ер адамның өсімдіктерді өз ауласында өсіргенін анықтады.
Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр.
Полиция есірткі құралдарын заңсыз өсіру, сақтау және тарату қылмыстық жауапкершілікке әкелетінін ескертті.