Қайтарылған активтер қазақстандықтардың өмір сүру сапасын қалай арттырады — сарапшылар

Қайтарылған активтер қазақстандықтардың өмір сүру сапасын қалай арттырады — сарапшылар
egemen.kz

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен заңсыз жолмен шетелге шығарылған және заң талаптарын айналып өтіп сатып алынған қаражат пен мүлік мемлекет меншігіне қайтарылып, әлеуметтік және инфрақұрылымдық міндеттерді шешуге бағытталуда. Бұл Жаңа Қазақстандағы әділеттілік қағидатының іс жүзіндегі көрінісін көрсетеді. Аталған жұмыс Премьер-Министр Олжас Бектеновтің экономикалық саясатының негізгі бағыттарының біріне айналды. Оның тұсында Үкімет қайтарылған қаражатты пайдалану тетіктерін күшейтіп, қазақстандықтардың өмір сүру сапасын жүйелі түрде арттырып, базалық қызметтердің қолжетімділігін кеңейтіп келеді, дейді сарапшылар.

«Заңсыз иемденілген активтерді қайтару бүгінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен оның Үкіметінің Әділетті Қазақстан құру бағытындағы саясатының ең нақты көріністерінің біріне айналып отыр. Заңнамалық рәсімдер мен қомақты қаржы көлемінің артында бұдан да маңызды саяси мән жатыр: мемлекет қоғамға тиесілі болуы тиіс ресурсты елдің дамуына қайта бағыттап жатыр. Осылайша әділеттілікке, жауапкершілікке және баршаға ортақ ойын ережелеріне негізделген жаңа қоғамдық келісім жүзеге асуда.

Әлемдік тәжірибе мұндай міндеттің қаншалықты күрделі екенін көрсетеді. Қазақстан бұл жұмысты бірыңғай әрі тұрақты жұмыс істейтін мемлекеттік жүйеге біріктірді: арнайы заң, активтерді қайтарудың уәкілетті тетігі, Арнайы мемлекеттік қор және оларды бүкіл ел бойынша нақты әлеуметтік нысандар мен жобаларға айналдыруға бағытталған ауқымды бағдарлама. Заңның өзінде бұл жұмыс халықтың құқықтарын қалпына келтіру, әлеуметтік әділеттілік және тұрақты даму қағидаттарымен байланыстырылған», — деп атап өтті Қазақстан Халық дипломатиясы орталығының вице-президенті, саясаттанушы Виталий Колточник.

Бұл жұмыстың нәтижесі нақты сандардан да көрінеді: бүгінде елге 1,1 трлн теңгеден астам қаражат қайтарылды. Оның басым бөлігі — 617 млрд теңгеден астам қаржы республиканың барлық өңірінде 500 нысанды іске қосуға бағытталды. Арнайы мемлекеттік қордың қаражаты есебінен елде сумен жабдықтау жүйелері, мектептер, балабақшалар, медициналық мекемелер, спорт нысандары мен көлік инфрақұрылымы салынып, жаңғыртылып жатыр. Яғни қаражат азаматтардың өмір сүру сапасына тікелей әсер ететін ірі инфрақұрылымдық жобаларға салынуда. Бұған дейін бюджет қаражатының жетіспеушілігі салдарынан жылдар бойы жүзеге асырылмаған жобалар да бар.

Еуразиялық саясат институтының басшысы Максим Крамаренко жүргізіліп жатқан жұмыстың жүйелілігі мен нәтижелілігін атап өтті.

«Мұның бір реттік пиар науқаны емес, қалыптасқан нақты тетік екенін түсіну маңызды. Үкімет Бас прокуратурамен бірлесіп, активтерді елге қайтарып қана қоймайды. Оның әсері күнделікті өмірден көрінеді: таза су ағатын краннан, жақын маңдағы медициналық пунктте қызмет көрсететін дәрігерден, жаңа мектептегі орыннан, ауладағы спортзалдан немесе бұрын болмаған бағыттағы көлік қатынасынан байқалады.

Бұл қаражаттың қайда бағытталатыны да маңызды. Қаржы елордадағы сәнді құрылыстарға емес, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Қарағанды облыстарына және Абай облысына бағытталып жатқанын көріп отырмыз. Яғни қайтарылған активтер есебінен Үкімет өңірлердегі өмір сүру деңгейін арттырып, аймақтар арасындағы өмір сапасының алшақтығын азайтып келеді», — дейді Максим Крамаренко.

Арнайы мемлекеттік қордан ең көп қаражат — 226,5 млрд теңге сумен жабдықтау жүйесіне бағытталды. Бұл қаржыға 267 жоба жүзеге асырылуда. Солтүстік Қазақстан облысының 30-дан астам ауылында және Абай облысының ауылдарында тұратын шамамен 20 мың тұрғын ауыз суға қол жеткізді. Ақмола өңірінің ондаған ауылы да орталықтандырылған сумен жабдықтау жүйесіне қосылды. Ал Алматының бес шағынауданында қор қаражаты есебінен су құбыры мен кәріз жүйелерінің тарату желілері салынды.

Қайтарылған активтердің 176,8 млрд теңгесі денсаулық сақтау саласын жаңғыртуға бөлінді. Үкімет 190-нан астам жобаны мақұлдады. Шығыс Қазақстан облысының Риддер қаласында 200 орындық көпбейінді аурухананың құрылысы аяқталды. Ақтауда жедел медициналық жәрдем станциясы және алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін 145 нысан пайдалануға берілді. Қостанай облысында ауылдық дәрігерлік амбулатория мен емхана іске қосылды, Арқалықтағы өңірлік аурухананы реконструкциялау жалғасып жатыр. Елдің шығысында Гематология орталығы салынуда. Балқаштың медициналық инфрақұрылымын дамытуға 1 млрд теңгеден астам қаражат бағытталды.

Жүргізіліп жатқан жұмыс пациенттер үшін ғана емес, жас мамандар үшін де жаңа мүмкіндіктер қалыптастырады. Тек өткен жылы медициналық жоғары оқу орындарын тәмамдаған 10,5 мың түлектің 3,5 мыңы ауылдық жерлерге жұмысқа орналасты. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда екі есеге жуық көп.

Қордан спорт инфрақұрылымын дамытуға 67,5 млрд теңге бөлінді. Осы қаражатқа Көкшетауда көпфункционалды спорт кешені салынды, Зеренді ауылында дене шынықтыру-сауықтыру кешені пайдалануға берілді. Астанада қор қаражатына Қ. Мұңайтпасов атындағы стадион қайта жаңғыртылды, елордалық «Қазақстан» спорт сарайын жаңғырту жұмыстары жалғасып жатыр.

Қайтарылған активтердің 64,4 млрд теңгесі білім беру саласына бағытталды. Абай, Ұлытау, Жамбыл, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарында жаңа білім беру нысандары пайда болды. Шымкентте арнайы мектеп-интернатқа арналған 300 орындық жатақхана пайдалануға берілді.

Тағы 43 млрд теңге көлік инфрақұрылымын дамытуға бөлінді. Бұдан бөлек, Арнайы мемлекеттік қордың қаражаты арнайы экономикалық аймақтардағы жаңа өндірістерді іске қосу жоспарланған алаңдарды энергетикалық және инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етуге жұмсалуда.

Бүгінде заңсыз активтерді қайтаруды ресурстарды қоғамдық даму пайдасына қайта бөлудің тиімді тетігі ретінде қарастыруға болады. Инфрақұрылымдық жобалардың ұзақ мерзімді әсері бар. Салынған мектеп ондаған жыл бойы қызмет етеді, аурухана бірнеше буын қазақстандықтарға медициналық көмек көрсетеді, ал коммуналдық инфрақұрылым тұтас елді мекендердің дамуына қажетті базалық жағдай қалыптастырады.

Осылайша қаржылық нәтиже біртіндеп әлеуметтік нәтижеге айналып келеді.