Қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, жазушы әрі драматург Оралхан Бөкейдің отбасымен бірге түскен сирек архивтік видеосы әлеуметтік желіде тарады, деп хабарлайды ult.kz.
Бейнежазбада қаламгердің отбасы ортасындағы қарапайым әрі жылы сәттері көрініс тапқан. Көпшілік көбіне шығармалары мен әдеби мұрасы арқылы танитын жазушының күнделікті өмірінен сыр шертетін кадрлар желі қолданушыларының ерекше ықыласына ие болды.
Оралхан Бөкей кім?
Оралхан Бөкей 1943 жылы 28 қыркүйекте Шығыс Қазақстан облысы Катонқарағай ауданының Шыңғыстай ауылында дүниеге келген. Ол қазақ прозасына өзіндік өрнек, ерекше тіл мен терең философиялық ой алып келген қаламгерлердің бірі саналады.

Жазушының «Қайдасың, қасқа құлыным», «Мұзтау», «Қар қызы», «Сайтан көпір», «Атау кере», «Біздің жақта қыс ұзақ» секілді шығармалары қазақ әдебиетінің алтын қорына енді. Оның туындыларында адам тағдыры, туған жерге деген сағыныш, жалғыздық, табиғат пен адам арасындағы байланыс кеңінен суреттеледі.
Оралхан Бөкей ұзақ жылдар баспасөз саласында да еңбек етті. «Лениншіл жас», «Жұлдыз», «Қазақ әдебиеті» басылымдарында қызмет атқарып, кейін «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы болды. Қаламгердің шығармалары бірнеше шет тіліне аударылған.
Ол 1993 жылғы 17 мамырда Үндістанның Дели қаласында шығармашылық іссапар кезінде өмірден өтті. Артында мол әдеби мұра қалдырған жазушының шығармалары бүгінге дейін қайта басылып, оқырманнан қол үзген жоқ.
Ал желіде тараған бұл архивтік видео оқырманға Оралхан Бөкейді қаламгер ретінде ғана емес, отбасы ортасындағы қарапайым адам ретінде де көруге мүмкіндік берді.