Қазақстанда азаматтардың қаржылық өнімдерді пайдалануына қатысты жаңа талаптар енгізіледі. Өзгерістер банктерге, микроқаржы ұйымдарына, сақтандыру компанияларына, брокерлерге және басқа да қаржы ұйымдарына қатысты, деп хабарлайды ult.kz.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің жаңа қаулысы 19 қазанда күшіне енеді.
Ең маңызды өзгерістердің бірі – азаматтарға қамтамасыз етілмеген қарыздан және онымен бірге рәсімделген ерікті сақтандырудан шарт жасалған күннен бастап 14 күнтізбелік күн ішінде бас тарту құқығы беріледі.
Бұл үшін қаржы ұйымы клиенттен айыппұл немесе өсімпұл талап ете алмайды. Алайда қарызды нақты пайдаланған күндер үшін есептелген сыйақы, сақтандыру полисі қолданылған кезеңге тиесілі сақтандыру сыйлықақысының бір бөлігі немесе қаржылық өнімді ұсынуға байланысты нақты шығындар алынуы мүмкін.
Жаңа талап бойынша банк пен МҚҰ клиентке келісімшартқа қол қоймас бұрын қаржылық өнімнен немесе қосымша қызметтен айыппұлсыз бас тартуға болатынын хабарлауға міндетті. Бас тарту тәртібі қарапайым әрі түсінікті болуы керек.
Сонымен қатар қаржы ұйымдарына клиенттерге қосымша қызметтерді мәжбүрлеп ұсынуға, өнімнің маңызды шарттары мен құны және тәуекелдері туралы ақпаратты жасыруға тыйым салынады. Сондай-ақ өтінімдер мен келісімшарттарда алдын ала белгіленген ұяшықтар арқылы клиенттің келісімін алуға жол берілмейді.
Қаржы ұйымдары бұдан былай өнімнің нақты клиентке қаншалықты сәйкес келетінін де бағалауы тиіс. Егер несие немесе басқа қаржылық өнім азаматтың мақсатына, қаржылық жағдайына және мүмкіндігіне сәйкес келмесе, оны ұсынуға немесе беруге болмайды.
Жарнамаға қатысты талаптар да күшейтіледі. Қаржылық өнімнің құны, табыстылығы, тәуекелдері мен шарттары туралы тұтынушыны жаңылыстыратын ақпарат беруге тыйым салынады. Ал жарнамада төлемдер туралы мәлімет көрсетілсе, онда мөлшерлемелер, комиссиялар, тарифтер және басқа да шығындар туралы толық ақпарат берілуі керек.
Жаңа талаптар күшіне енгеннен кейін қаржы ұйымдары алты ай ішінде қолданыстағы қаржылық өнімдерге жоспардан тыс тексеру жүргізуге міндетті. Егер өнім жаңа талаптарға сәйкес келмесе, оның шарттары өзгертіліп, бұл туралы реттеуші органға хабарланады.
Осылайша, қазақстандықтар қажетсіз немесе өз жағдайына сәйкес келмейтін қаржылық өнімдерден қорғалатын болады. Әсіресе бұл кепілсіз тұтынушылық несиелер мен оларға қосылатын қосымша қызметтерге қатысты.