Қостанай облысының Әулиекөл ауданында кәсіпкерлік бастаманы қолдауға берілген мемлекеттік гранттың мақсатсыз пайдаланылғаны анықталды, деп хабарлайды ult.kz.
2023 жылы азаматқа бизнес жобасын жүзеге асыру үшін 1,38 млн теңге көлемінде мемлекеттік грант бөлінген. Алайда грант қаржысына сатып алынған жабдық көрсетілген мақсатқа сай пайдаланылмаған. Бұдан бөлек, оның техникалық сипаттамалары есептік құжаттарда көрсетілген мәліметтермен сәйкес келмеген.
Осы дерек бойынша прокуратура материалдары негізінде алаяқтық белгілерімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.
Тергеу барысында азамат мемлекетке келтірілген 1,38 млн теңге көлеміндегі залалды толық өтеп, қаражатты бюджетке өз еркімен қайтарды.
Кінәсін мойындап, келтірілген шығынды ерікті түрде өтегені ескеріліп, қылмыстық іс ақталмайтын негіздер бойынша тоқтатылды.
Прокуратура мемлекеттік гранттардың нақты бизнес жобаларын жүзеге асыруға берілетінін еске салды. Бюджет қаражатын мақсатсыз пайдалану заңда белгіленген жауапкершілікке әкеп соғады.