Қазақстандықтардың банктердегі жинағы тарихи максимумға жетті. Екінші тоқсанның қорытындысы бойынша халықтың депозиттердегі қаражаты 30 триллион теңгені құрады, деп хабарлайды ult.kz.
Сонымен қатар елде тағы бір рекорд тіркелді. Депозиттердің долларлану деңгейі алғаш рет 20 пайыздан төмендеді.
Сарапшылардың мәліметінше, екінші тоқсанда шетел валютасындағы жинақ көлемі айтарлықтай өзгермеген. Ал депозиттердің негізгі өсімі теңгедегі салымдардың артуы есебінен болған.
Мамандар бұған бірнеше фактор әсер еткенін атап өтті.
Біріншіден, теңгенің нығаюы халықтың доллар сатып алуға деген қызығушылығын төмендеткен.
Екіншіден, депозиттердің жоғары табыстылығы сұранысты арттырған. 2025 жылғы қазаннан 2026 жылғы маусымға дейін Ұлттық банктің базалық мөлшерлемесі 18 пайыз деңгейінде сақталды. Бұл банктердегі теңгелік салымдардың тартымдылығын күшейтті.
Үшіншіден, базалық мөлшерлеменің төмендеуі күтілгендіктен, қазақстандықтар жоғары пайыздық мөлшерлемелерді бұрынғы шарттармен бекітіп қалуға асыққан. Базалық мөлшерлеменің 17 пайызға дейін төмендеуі банктердегі депозиттердің кірістілігіне де әсер етуі мүмкін еді.
Осы факторлардың барлығы халықтың теңгедегі депозиттерге қаражатын көбейтуіне ықпал етіп, банк салымдарының көлемін рекордтық деңгейге жеткізді.