Қазақстанда міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі жұмыс істей бастағаннан бері еңбекке қабілеттілігінен және асыраушысынан айырылған азаматтарға қосымша әлеуметтік қолдау көрсетіліп келеді. Тек 2026 жылдың алғашқы тоғыз айында осы санаттағы азаматтарға ондаған миллиард теңге төленді, деп хабарлайды ult.kz.
Қазақстанда міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі 2005 жылғы 1 қаңтардан бастап жұмыс істейді. Оның негізгі мақсаты – жұмыс істейтін азаматтарға еңбекке қабілеттілігінен, асыраушысынан айырылған немесе жұмыссыз қалған жағдайда қосымша қаржылай қолдау көрсету.
Бұл жүйе арқылы төлем алу үшін азаматтың өзі немесе жұмыс берушісі оның атынан әлеуметтік аударымдар жасауы керек.
Бүгінде Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры (МӘСҚ) еңбекке қабілеттілігінен, асыраушысынан айырылған және жұмыссыз қалған азаматтарға, сондай-ақ ана мен баланы қолдауға арналған әлеуметтік төлемдер тағайындайды.
Маңыздысы, МӘСҚ-дан берілетін төлемдер мемлекет тағайындайтын әлеуметтік жәрдемақылардың орнына жүрмейді. Яғни тиісті талаптарға сай азаматтар екі төлемді қатар ала алады.
Еңбекке қабілеттілігінен айырылғандарға қанша төленеді?
Еңбекке қабілеттілігінен айырылған азаматтарға республикалық бюджеттен мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы беріледі. Оған қоса, міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысқан болса, МӘСҚ-дан қосымша төлем тағайындалады.
Бұл төлем еңбекке қабілеттілігінен айырылу дәрежесі сақталған кезеңде, яғни зейнет жасына жеткенге дейін беріледі. Азаматтың еңбек қызметін жалғастыруы да төлем алу құқығына әсер етпейді.
2026 жылдың алғашқы тоғыз айында еңбекке қабілеттілігінен айырылуына байланысты 97,6 мың адамға жалпы сомасы 45,3 млрд теңге төленген. Ал жүйе іске қосылғаннан бері бұл мақсатқа 338 млрд теңге бағытталған.
Асыраушысынан айырылған отбасыларға қандай көмек бар?
Асыраушысынан айырылған жағдайда да отбасы мүшелеріне республикалық бюджеттен мемлекеттік жәрдемақы және МӘСҚ-дан қосымша әлеуметтік төлем беріледі.
Төлем қайтыс болған адамның асырауында болған отбасы мүшелеріне тағайындалады. Балаларға ол кәмелет жасына толғанға дейін төленеді. Егер күндізгі бөлімде білім алуды жалғастырса, төлем 23 жасқа дейін беріледі.
Қазір Қазақстанда асыраушысынан айырылуына байланысты әлеуметтік төлемді 68,5 мың отбасы алып отыр. Бұл мақсатқа МӘСҚ-дан 33,3 млрд теңге бөлінген.
Ал жүйе жұмыс істей бастағаннан бері асыраушысынан айырылған отбасыларға арналған төлемдерге 236 млрд теңге бағытталған.
Осылайша, міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу азаматтың өзіне ғана емес, ол өмірден өткен жағдайда отбасы мүшелеріне де қаржылай қолдау алуға мүмкіндік береді.