Қазақстандықтар мектеп пен балабақша қолжетімділігін жоғары бағалады

Қазақстандықтар мектеп пен балабақша қолжетімділігін жоғары бағалады
ашық дереккөз

Қазақстан тұрғындарының инфрақұрылымға қанағаттану деңгейі жоғары болып отыр. 2026 жылдың III тоқсанында инфрақұрылымның негізгі элементтеріне қанағаттану көрсеткіші 57,8%-дан 78,2%-ға дейін жеткен, деп хабарлайды ult.kz.

Бұл деректерді Қазақстандық қоғамдық даму институты жүргізген әлеуметтанулық зерттеу көрсетті. Сауалнама барысында тұрғындар өз өңіріндегі инфрақұрылым мен қызметтердің 17 негізгі элементін бағалаған.

Халық ең жоғары бағаны әлеуметтік маңызы бар нысандарға берген:

  • мектептердің қолжетімділігі – 78,2%;
  • балабақшалардың қолжетімділігі – 73,3%;
  • спорт кешендері мен нысандары – 71,6%;
  • мәдениет мекемдері – 71,1%.

Осылайша, мектептер әлеуметтік инфрақұрылымның халық үшін ең қолжетімді нысаны болып қала береді. Респонденттердің шамамен 10-нан 8-і өз қаласы, кенті немесе ауылындағы мектептердің қолжетімділігіне оң баға берген.

Абаттандыру саласындағы көрсеткіштер де салыстырмалы түрде жоғары. Тұрғындардың 67,8%-ы серуендеу және демалыс орындарының болуына, 67,3%-ы көгалдандыруға, 63,8%-ы көшелер мен аулалардың тазалығына қанағаттанатынын айтқан.

Сонымен қатар балаларды дамыту мүмкіндіктерінің қолжетімділігіне 66,2%, ауыз су сапасына 64,4%, мемлекеттік органдар ақпаратының қолжетімділігіне 64,6% тұрғын оң баға берген.

Зерттеуде жолдардың сапасына қатысты оң динамика да байқалған. Бұл бағыт әлі де қосымша назарды қажет етсе де, көрсеткіш бір жыл ішінде 50%-дан 57,8%-ға дейін өскен.

Зерттеу нәтижесі әлеуметтік маңызы бар инфрақұрылымның өңірлердің негізгі артықшылықтарының бірі болып отырғанын көрсетті. Сонымен қатар тұрғындардың бағалауы көлік және цифрлық инфрақұрылымды одан әрі дамыту қажеттігін аңғартады.

Сауалнамаға 18 жастан асқан 2 400 респондент қатысқан. Зерттеу Астана, Алматы, Шымкент қалаларын, 17 облыс орталығын және ауылдық елді мекендерді қамтыды. Сауалнама 2026 жылғы 1-16 тамыз аралығында жеке сұхбат әдісімен жүргізілген.