Қазақстандықтар алты жыл бұрын «Отбасы банкке» аударылған зейнетақы жинағын БЖЗҚ-ға қайтармайды

Қазақстандықтар алты жыл бұрын «Отбасы банкке» аударылған зейнетақы жинағын БЖЗҚ-ға қайтармайды
ашық дереккөз

Қазақстандықтар ипотека рәсімдеу үшін алты жыл бұрын «Отбасы банктегі» депозитке аударған зейнетақы жинақтарын БЖЗҚ-ға қайтарудың қажеті жоқ. Қаражат депозитте қала береді, деп хабарлайды ult.kz.

«Отбасы банк» бұған дейін зейнетақы жинағын тұрғын үй алуға пайдалану үшін депозитке аударған салымшыларға қатысты түсініктеме берді.

Банк мәліметінше, заңнамаға енгізілген өзгерістерге сәйкес, алты жыл мерзімі өткеннен кейін де пайдаланылмаған қаражат автоматты түрде Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына (БЖЗҚ) қайтарылмайды.

«Енді ақшаны БЖЗҚ-ға қайтарудың қажеті жоқ. Енгізілген өзгерістерге сәйкес, қаражат алты жыл мерзімі өткеннен кейін де «Отбасы банктегі» депозитіңізде қалады», – деп түсіндірді банк.

Бұған дейін зейнетақы жинағын «Отбасы банктің» депозитіне аударуға қатысты түсіндірмелерде алты жылдық мерзім көрсетілген. Осыған байланысты салымшылар пайдаланылмаған қаражат мерзім аяқталғаннан кейін БЖЗҚ-ға қайтарылады деп алаңдаған.

Сонымен қатар «Отбасы банк» салымшыларға ипотеканы рәсімдеуді кейінге қалдырмай, мүмкіндік болса, депозиттегі қаражатты тұрғын үй сатып алу кезінде бастапқы жарна ретінде пайдалануды ұсынады.

Айта кетейік, заңнамада көзделген талаптарға сәйкес, зейнетақы жинағын тұрғын үй жағдайын жақсартуға бағыттауға болады. Атап айтқанда, қаражатты ипотекамен тұрғын үй сатып алуға, сондай-ақ жер учаскесін сатып ала отырып, жеке тұрғын үй салуға пайдалануға рұқсат етіледі.