Қазақстандық актриса Мадина Бейсекеева әлемге әйгілі «Эйфория» сериалына түсті

Қазақстандық актриса Мадина Бейсекеева әлемге әйгілі «Эйфория» сериалына түсті
ашық дереккөз

Қазақстандық биші әрі хореограф Мадина Бейсекеева әлемге танымал Эйфория сериалының үшінші маусымында эпизодтық рөлде бой көрсетті. Бұл оның актерлік мансабындағы алғашқы тәжірибесі болды, деп хабарлайды ult.kz.

Өнер иесі қуанышты жаңалығын Instagram парақшасында бөлісіп, жаңа эпизодтан кадрлар жариялады.

– Мені “Эйфорияның” үшінші маусымынан көріңіздер. Бұл – менің актерлік дебютім, – деп жазды ол.

Эпизод соңындағы титрларда қазақстандықтың есімі Tiny Tigress кейіпкерін сомдаушы ретінде көрсетілген. Желі қолданушылары мен әріптестері Мадинаны жаңа жетістігімен құттықтап, оның халықаралық жобадағы табысына қуаныштарын білдірді.

Мадина Бейсекеева бірнеше жылдан бері АҚШ-тың Лос-Анджелес қаласында тұрып, шығармашылық қызметпен айналысып келеді. Осы уақыт ішінде ол Леди Гага және Doechii секілді әлемдік жұлдыздармен жұмыс істеп, «Runway» музыкалық бейнебаянына да түскен.

Айта кетейік, «Эйфорияның» үшінші маусымы биыл көктемде көрерменге жол тартты және соңғы жылдардағы ең көп күткен телевизиялық жобалардың бірі саналады.