Қазақстанның Ұлттық қауіпсіздік комитеті Оңтүстік Корея азаматтарынан құралған ұйымдасқан қылмыстық топтың 14 мүшесін ұстады. Кейін Оңтүстік Кореяның бұқаралық ақпарат құралдары арнайы операцияның жаңа мән-жайын жариялады, деп хабарлайды ult.kz.
ҰҚК мәліметінше, шетелдіктер телекоммуникациялық жүйелерді пайдаланып, ұйымдасқан қылмыстық топ құрамында алаяқтық жасады деген күдікке ілінген. Олар 23 шілдеде қолға түсіп, бұл туралы ресми ақпарат 30 шілдеде жарияланды.
Күдіктілердің тұрғылықты жерлеріне жүргізілген тінту барысында заңсыз әрекеттерде пайдаланылған компьютерлер, ноутбуктер мен ұялы телефондар тәркіленді. Тергеу амалдарын жүргізу және кейін елден шығару мақсатында олар уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Оңтүстік Кореялық БАҚ-тың хабарлауынша, күдіктілер Қазақстан аумағында колл-орталық ұйымдастырып, өз елінің азаматтарына қоңырау шалған. Олар өздерін Оңтүстік Кореяның Қаржылай қадағалау қызметінің (FSS) өкілдері ретінде таныстырып, адамдарды алдаған.
Қазіргі мәлімет бойынша, алаяқтардың әрекетінен кемінде 16 адам зардап шеккен. Күдіктілер жәбірленушілерден жалпы сомасы 600 миллионнан астам оңтүстіккореялық вонды (шамамен 435–450 мың АҚШ доллары) иемденген.
Yonhap News агенттігінің мәліметінше, ұсталған 14 күдіктіні Қазақстаннан Оңтүстік Кореяға кезең-кезеңімен экстрадициялау 27 шілде мен 5 тамыз аралығында жүзеге асырылады. Инчхон әуежайына жеткізілгеннен кейін олар бірден тергеу органдарына тапсырылып, ресми айып тағылып, сотқа дейінгі тергеу басталады.
Тергеу деректеріне сәйкес, Қазақстанда ұсталған топ халықаралық деңгейде әрекет еткен ірі қылмыстық желінің бір бөлігі болған.
Ал SBS News телеарнасының хабарлауынша, бірлескен операция аясында Оңтүстік Кореяда осы топқа қатысы бар тағы бес адам ұсталған. Бұдан бөлек, өзге елдерде жасырынып жүрген 19 күдіктіге халықаралық іздеу жарияланған.
Оңтүстік Корея билігі Қазақстан ҰҚК-мен жүргізілген бірлескен жұмысты жоғары бағалап, шетелде отырып қылмыс жасағандардың жауапкершіліктен құтыла алмайтынын мәлімдеді.
«Шетелде отырып алаяқтық ұйымдастырса, жазадан құтылуға болады деген түсінік – қате. Азаматтарымызға шетелден зиян келтіретін кез келген қылмыстық топ қай жерде жасырынса да, анықталып, қызметі тоқтатылады», – делінген Оңтүстік Корея тарапының мәлімдемесінде.