Қазақстанда 2026 жылғы қыркүйекте жылдық инфляция 9,3% болды. Бұл тамыз айындағы көрсеткішпен салыстырғанда 0,5 пайыздық тармаққа төмен, деп хабарлайды ult.kz.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, қыркүйекте айлық инфляция 0,6% деңгейінде сақталды.
Жылдық мәнде азық-түлікке жатпайтын тауарлардың бағасы 11%-ға, ақылы қызметтер 8,9%-ға, азық-түлік тауарлары 8,5%-ға өсті.
Қыркүйек айында кейбір азық-түлік өнімдерінің бағасы төмендеді. Атап айтқанда:
- пияз – 20,7%;
- лимон – 13,9%;
- сәбіз – 13,6%;
- картоп – 13,4%;
- баклажан – 11,2%;
- қырыққабат – 10,1%;
- тәтті бұрыш – 6,5%;
- алма – 5,3%;
- алмұрт – 2,4%;
- сарымсақ – 1,3%;
- банан – 0,7%.
Сонымен қатар балалар тағамына арналған ботқалардың бағасы 6,1%-ға, құмшекер 1,3%-ға арзандаған.
Азық-түлікке жатпайтын тауарлардың ішінде қол кремі 6,9%-ға, балалар жаялықтары 6,6%-ға, теледидар 5,6%-ға, ыдыс жуатын машина мен қысқа толқынды пеш 1,8%-ға, душқа арналған гель 1,4%-ға арзандады.
2025 жылғы қыркүйекпен салыстырғанда да кейбір жеміс-көкөніс өнімдерінің бағасы төмендеген. Мәселен, алма 11,1%-ға, лимон 8,3%-ға, қызылша 6,9%-ға, қырыққабат 6,1%-ға, банан 5,6%-ға, тәтті бұрыш 3,9%-ға арзандаған.
Ал азық-түлікке жатпайтын тауарлар арасында автомобильдердің бағасы бір жылда 11,3%-ға, электр жылытқыштар 9,1%-ға, кондиционерлер 8,7%-ға, электр еттартқыштар 5,6%-ға төмендеді.
Айта кетейік, тұтыну бағалары индексі 537 тауар мен қызмет түрінің бағасы мен тарифтерін бақылау негізінде есептеледі. 2026 жылдан бастап индекс құрылымында азық-түлік тауарларының үлесі 41,1%, азық-түлікке жатпайтын тауарлар – 28,4%, ақылы қызметтер – 30,5% болып белгіленген.