Қазақстанда еңбек нарығындағы жұмыспен қамту деңгейі өсіп келеді. 2026 жылдың II тоқсанындағы халықты жұмыспен қамту бойынша жүргізілген зерттеу нәтижесіне сәйкес, ел экономикасының түрлі салаларында 9,4 млн адам жұмыс істейді, деп хабарлайды ult.kz Ұлттық статистика бюросына сілтеме жасап.
Оның ішінде 7,3 млн адам жалдамалы жұмыс істесе, 2,1 млн адам өзін-өзі жұмыспен қамтығандар санатына жатады.
Жұмыспен қамтылғандардың ең көп үлесі сауда саласына тиесілі — 16,8%. Одан кейін:
- білім беру — 13,3%;
- өнеркәсіп — 12,4%;
- ауыл шаруашылығы — 10,5%;
- көлік және қоймалау — 7,1%;
- құрылыс — 6,8%;
- денсаулық сақтау және әлеуметтік қызмет көрсету — 6,6%.
2025 жылдың II тоқсанымен салыстырғанда, бірқатар салада жұмыспен қамтылғандар саны айтарлықтай артқан.
Ең жоғары өсім жылжымайтын мүлікпен жасалатын операциялар саласында тіркелді — 37 мың адамға.
Сондай-ақ білім беру саласында жұмыспен қамтылғандар саны 31,1 мың адамға, денсаулық сақтау саласында 21,2 мың адамға өскен.
Өнер, ойын-сауық және демалыс саласында бұл көрсеткіш 15,1 мың адамға, кәсіби, ғылыми және техникалық қызметте 7,7 мың адамға, ал қаржы және сақтандыру саласында 7,4 мың адамға артты.