Қазақстанда зейнетақы жүйесін жаңғыртуға қатысты бірнеше жаңа ұсыныс талқыланып жатыр, деп хабарлайды ult.kz.
Бұл мәселе Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаевтың төрағалығымен өткен арнайы жұмыс тобының отырысында қаралды.
Жиында талқыға түскен негізгі бастамалардың бірі – Сингапурдың зейнетақы моделіне ұқсас жүйе. Ұсынысқа сәйкес, азаматтардың міндетті зейнетақы жарналары бірнеше мақсатқа бөлініп жиналады. Соның нәтижесінде адамдар зейнет жасына жетпей-ақ жинақтарының бір бөлігін баспана сатып алуға, білім алуға, емделуге немесе инвестиция жасауға пайдалана алады. Жинақ үш шотқа бөлініп, олардың бірі тұрғын үй мәселесін шешуге арналған жеңілдетілген тетік ретінде қарастырылған.
Алайда сарапшылар бұл модельдің әлеуметтік осал топтардың, соның ішінде мүгедектігі бар азаматтар мен ерекше қажеттілігі бар бала тәрбиелеп отырған ата-аналардың мүдделерін қаншалықты қорғайтынына қатысты сұрақтар көтерді. Сондықтан бұл бағыттағы ықтимал өзгерістерді жан-жақты зерделеу қажеттігі айтылды.
Отырыста бұдан өзге де балама тәсілдер таныстырылды. Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры азаматтың табысы мен әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу мерзіміне байланысты есептелетін әлеуметтік зейнетақы төлемін енгізуді ұсынды. Бұл бастама зейнетақы жүйесіндегі әлеуметтік қолдауды күшейтуге бағытталған.
Ал Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры жұмыс берушінің міндетті аударымдарының 4 пайызын азаматтың жеке зейнетақы шотына, ал 1 пайызын ортақ сақтандыру құрамдасына бағыттау моделін ұсынды. Бұл тәсіл жинақтаушы және сақтандыру қағидаттарын біріктіріп, өмір бойы төленетін зейнетақы жүйесін қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі аталған ұсыныстардың әзірге талқылау және сараптау кезеңінде екенін атап өтті. Яғни, бұл өзгерістер әлі қабылданған жоқ. Түпкілікті шешімдер ұсыныстардың әлеуметтік әділеттілікке, қаржылық тұрақтылыққа және халықтың әртүрлі санатына ықпалы жан-жақты бағаланғаннан кейін ғана қабылданады.