Қазақстанда жалға берілетін пәтер бағасы қымбаттап жатыр: Астана Алматыны басып озды

Қазақстанда жалға берілетін пәтер бағасы қымбаттап жатыр: Астана Алматыны басып озды
fifg/shutterstock.com

Қазақстанда жаңа оқу жылы қарсаңында тұрғын үйді жалға алу бағасы өсе бастады. Сарапшылардың айтуынша, нарық дәстүрлі жоғары маусымға ертерек кірген. Бұл туралы Krisha.kz порталы хабарлады, деп жазады ult.kz.

Порталдың мәліметінше, соңғы бір айда еліміз бойынша тұрғын үйді жалға алу құнының бір шаршы метрі орта есеппен 3,1%-ға өскен.

Бағаның ең жоғары өсімі Астанада тіркелді. Елордада жалдау ақысы бір ай ішінде 6,9%-ға қымбаттаған. Одан кейін Қонаев (+6,5%), Талдықорған (+5,9%) және Қостанай (+4,4%) қалалары орналасқан. Алматыда жалдау бағасы 3,4%-ға, Шымкентте 3,2%-ға артқан. Ал Түркістан мен Таразда өзгеріс байқалмаған. Бірде-бір қалада жалдау құны төмендемеген.

Ең қымбат және ең арзан қалалар

Krisha.kz дерегіне сәйкес, тұрғын үйді жалға алудың ең жоғары құны Алматыда сақталып отыр. Мұнда бір шаршы метрдің орташа бағасы 5814 теңгені құрайды. Одан кейін Астана (5476 теңге), Қостанай (4000 теңге), Өскемен (3947 теңге) және Павлодар (3846 теңге) тұр.

Ал ең арзан жалдау бағасы Түркістанда (2000 теңге/ш.м), Таразда (2250 теңге/ш.м) және Қызылордада (2500 теңге/ш.м) тіркелген.

Астана кейбір санаттар бойынша Алматыдан қымбат

Биылғы жаздың басты ерекшеліктерінің бірі – Астана бір және үш бөлмелі пәтерлерді жалға алу құны бойынша Алматыны басып озды.

Қазір елордада бір бөлмелі пәтердің орташа айлық жалдау ақысы 220 мың теңге болса, Алматыда бұл көрсеткіш 210 мың теңгені құрайды.

Үш бөлмелі пәтерді жалдау бағасы Алматыда орта есеппен 400 мың теңге, ал Астанада 500 мың теңгеге жеткен.

Соған қарамастан, шаршы метрдің бағасы Алматыда әлі де жоғары. Сарапшылар мұны Астанадағы пәтерлердің орташа ауданы үлкен болуымен түсіндіреді.

Тәуліктік жалдау да қымбаттады

Мәліметке сәйкес, тәуліктік жалға берілетін пәтерлердің бағасы да өскен. Алматыда бір тәуліктің орташа құны 18 мыңнан 20 мың теңгеге дейін көтерілсе, Астанада 15 мыңнан 17 мың теңгеге дейін артқан.

Бағаның өсуіне не әсер етті?

Сарапшылардың пікірінше, жалдау нарығының жандануына демалыс маусымы мен жаңа оқу жылына дайындық әсер етіп отыр. Тамыз айында студенттер мен өзге өңірлерден келетін азаматтардың сұранысы күрт артатындықтан, қолжетімді пәтерлер тез жалға беріліп, нарықтағы орташа баға өседі.

Әсіресе Алматыда студенттердің үлесі жоғары. Қалада 220 мыңнан астам студент білім алады, олардың шамамен 150 мыңы басқа өңірлерден келген. Жатақхана орындарының тапшылығы көптеген студенттерді пәтер жалдауға мәжбүр етеді. Астанада да осындай үрдіс байқалғанымен, сарапшылардың айтуынша, студенттік сұраныстың ықпалы Алматымен салыстырғанда біршама төмен.

Сарапшылардың кеңесі

Жоғары сұраныс кезеңінде алаяқтардың белсенділігі де артады. Осыған байланысты Krisha.kz мамандары пәтерді көрмей тұрып алдын ала ақша аудармауға, меншік иесінің құжаттарын тексеруге, міндетті түрде жазбаша жалдау шартын жасауға және қоныстанар алдында пәтердің жағдайын фотоға түсіріп алуға кеңес береді.