Қазақстанда тұтынушылардың құқығын қорғау күшейтіледі

Қазақстанда тұтынушылардың құқығын қорғау күшейтіледі
ашық дереккөз

Қазақстанда тұтынушылардың құқықтарын қорғауға бағытталған жаңа заң жобасы әзірленіп жатыр. Бұл туралы Құрылтай депутаты, тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы заң жобасы жөніндегі жұмыс тобының жетекшісі Никита Шаталов мәлімдеді, деп хабарлайды ult.kz.

Оның айтуынша, тек өткен жылдың өзінде тұтынушылардан 80 мыңнан астам шағым түскен. Жаңа заң жобасы Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әзірленіп жатыр.

Заң жобасында тұтынушылар үшін бірнеше маңызды өзгеріс қарастырылған.

Біріншіден, тауарлармен қатар жұмыстар мен қызметтерге де бірыңғай базалық қорғау деңгейі енгізіледі. Қолданыстағы талаптар негізінен тауар сатып алуға қатысты болса, жаңа нормалар қызмет көрсету саласына да таралады.

Екіншіден, тұтынушының құқықтарын шектейтін келісімшарт талаптары жарамсыз деп танылады. Яғни сатушы немесе қызмет көрсетуші жауапкершіліктен алдын ала бас тартқан жағдайда, мұндай тармақтар оны жауапкершіліктен босатпайды. Чектің жоғалуы да тұтынушының құқығын қорғауға кедергі болмауы тиіс.

Үшіншіден, тұтынушылардың құқықтары жөніндегі омбудсмен институтын енгізу ұсынылып отыр. Ол азаматтарға кеңес беріп, жүйелі мәселелерді мемлекеттік органдардың алдына қоя алады. Сонымен қатар нарықтағы ережелерді әзірлеуге қатысып, қажет болған жағдайда тұтынушының мүддесін сотта қорғауға мүмкіндік алады.

Төртіншіден, егер сатушы немесе қызмет көрсетуші мәселені сотқа жеткізбей шешуге мүмкіндігі бола тұра, істі сотқа дейін жеткізсе, оған тұтынушының пайдасына айыппұл салу қарастырылған.

Никита Шаталовтың сөзінше, жаңа заңның негізгі мақсаты – тұтынушының нақты қорғалуын қамтамасыз ету және адал кәсіпкерлер үшін түсінікті әрі ашық ережелер қалыптастыру.

Қазір заң жобасы сарапшылармен, бизнес өкілдерімен және тұтынушылардың құқықтарын қорғау ұйымдарымен бірлесіп талқыланып жатыр.