Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі «Қала хикаялары» атты жаңа республикалық әдеби байқау басталғанын жариялады, деп хабарлайды ult.kz.
Проза жанрына арналған байқаудың мақсаты – қазіргі Қазақстан қалаларының тыныс-тіршілігін көркем шығармалар арқылы бейнелейтін жаңа авторларды анықтап, қолдау көрсету. Қатысушыларға қала мәдениеті, адам тағдыры, қоғамдағы өзгерістер, ұлттық болмыс пен заманауи құндылықтардың сабақтастығы тақырыптарын қамтитын туындылар ұсыну ұсынылады.
Байқауға Қазақстан азаматтары қатыса алады. Ұйымдастырушылар бұрын еш жерде жарияланбаған, қала тақырыбына арналған романдарды қабылдайды. Шығарманың көлемі кемінде 10 авторлық баспа табақ болуы тиіс. Әр автор байқауға бір ғана туынды ұсына алады.
Жеңімпаздарды белгілі жазушылар мен қоғам қайраткерлерінен құралған қазылар алқасы анықтайды. Қорытынды шешім ашық дауыс беру арқылы қабылданады.
Байқау нәтижесінде үздік шығармалар авторлары дипломдармен және қомақты ақшалай сыйлықтармен марапатталады. Сонымен қатар жүлделі орын алған романдар 15 мың данамен басылып, еліміздің кітапханаларына таратылмақ.
Байқаудың жүлде қоры бойынша:
- Бас жүлде – 100 мың АҚШ доллары;
- I орын – 75 мың АҚШ доллары;
- II орын – 50 мың АҚШ доллары;
- III орын – 30 мың АҚШ доллары.
Шығармаларды қабылдау 2026 жылдың қыркүйек-желтоқсан айлары аралығында жүргізіледі.
Министрліктің мәліметінше, байқау қазіргі қазақстандық әдебиетке жаңа серпін беріп, ел қалаларының заманауи келбетін көркем әдебиет арқылы насихаттауға бағытталған.