Қазақстанда мектеп оқушыларының амандасу әдебіне қатысты әдістемелік ұсынымдар әзірленеді. Бұл жұмысты Оқу-ағарту министрлігі қолға алды, деп хабарлайды ult.kz.
Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова депутат Ерлан Саировтың сауалына берген жауабында Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы арнайы жұмыс тобын құрғанын мәлімдеді. Оның құрамына ғалымдар, сарапшылар және азаматтық қоғам өкілдері кірген.
Жұмыс тобы оқушылардың амандасу әдебіне қатысты әдістемелік ұсынымдар дайындайды. Құжатты әзірлеу кезінде білім беру үдерісіне қатысушылардың, мүдделі тараптар мен мемлекеттік органдардың ұсыныстары ескеріледі. Сондай-ақ жобаны депутаттармен қосымша талқылау жоспарланған.
Министрліктің мәліметінше, еліміздің барлық білім беру ұйымдарында «Адал азамат» бірыңғай тәрбие бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. Бағдарлама ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтарды дәріптеуге, мінез-құлық мәдениетін қалыптастыруға, жауапкершілік пен өзара құрметті дамытуға бағытталған.
Қазір бағдарлама 20 877 білім беру ұйымында қолданылады. Оның ішінде 12 066 мектепке дейінгі ұйым, 8 048 мектеп және 763 колледж бар.
Министрлік өкілдері амандасу әдебіне қатысты ережелер ұлттық мәдениет пен дәстүрді дәріптеуге, үлкенді құрметтеу, сыпайылық пен өзара сыйластықты қалыптастыруға ықпал етеді деп есептейді.
Бұған дейін депутат Ерлан Саиров Қазақстанда амандасудың ұстамды үлгісін қалыптастырып, оны алдымен мектептерде енгізуді ұсынған еді.