Қазақстанда мал шаруашылығын дамыту және азық-түлік қауіпсіздігін нығайту мақсатында «Жайлау» атты жаңа жеңілдетілген несиелік бағдарлама іске қосылды, деп хабарлайды ult.kz.
Ауыл шаруашылығын қолдауға бағытталған жаңа қаржы құралы Мал шаруашылығын дамытудың кешенді жоспары аясында жүзеге асырылуда. Бағдарлама қуаттылығы кемінде 300 бас ірі қара немесе 1000 бас ұсақ мал ұстайтын жаңа шаруашылықтарды құруға қолдау көрсетеді.
Бағдарлама шарттарына сәйкес, жылдық сыйақы мөлшерлемесі 6 пайыздан аспайды, несие мерзімі 10 жылға дейін беріледі. Қаржыландыру көлемі ірі қара мал өсіру жобалары үшін 350 млн теңгеге дейін, ал ұсақ мал шаруашылығы үшін 200 млн теңгеге дейін қарастырылған.
Мамандардың айтуынша, «Жайлау» бағдарламасы өндірістік инфрақұрылымды дамытуға, мал шаруашылығы өнімдерінің көлемін арттыруға және ауылдық жерлерде жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар «Игілік», «Береке» бағдарламалары мен «Айналым қаражатын толықтыру» бағыты бойынша жеңілдетілген қаржыландыру ауқымы кеңейтілді. Бұдан былай бұл бағдарламалар ірі қарамен қатар қой, жылқы, түйе, марал, ара және шошқа шаруашылықтарын да қамтиды.
«Игілік» бағдарламасы арқылы шаруалар импорттық және отандық асыл тұқымды мал сатып ала алады. Бағдарлама бойынша несие мөлшерлемесі жылына 6 пайыздан аспайды, ал қаржыландыру мерзімі 7 жылға дейін белгіленген.
Ал «Береке» бағдарламасы ірі көлемде асыл тұқымды мал сатып алуға бағытталған. Оның шарттары бойынша 500 бастан астам импорттық ірі қара немесе 1000 бастан астам ұсақ мал сатып алуға жеңілдетілген несие беріледі.
Сондай-ақ шаруаларға жем-шөп, жанар-жағармай, ветеринариялық препараттар сатып алу, қызметкерлердің еңбекақысын төлеу және техникаға қажетті қосалқы бөлшектер алу үшін айналым қаражатын толықтыру мүмкіндігі ұсынылады. Бұл бағыттағы несиелердің сыйақы мөлшерлемесі 5 пайыздан аспайды, ал мерзімі 12 айға дейін.
Бағдарламаларды қаржыландыруға өңірлік әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар да тартылып отыр. Толық ақпаратты ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер «Аграрлық несие корпорациясының» облыстық филиалдарынан және өңірлік әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардан ала алады.