Қазақстанда азаматтарға арналған тағы бір маңызды цифрлық сервис – электронды жеке медициналық кітапша іске қосылды. Енді ол eGov Mobile және Halyk мобильді қосымшаларында қолжетімді, деп хабарлайды ult.kz.
Енді декреттелген мамандық иелері қағаз түріндегі медициналық кітапшаны өзімен бірге алып жүруге міндетті емес. Қажет болған жағдайда құжаттың электронды нұсқасын телефоннан көрсету жеткілікті.
Сонымен қатар, жаңа жүйе санитариялық-эпидемиологиялық қызметке міндетті медициналық тексерулерден өту процесін қашықтан бақылауға мүмкіндік береді. Егер қызметкердің медициналық тексеруі мерзімінен өтіп кетсе, оны жұмыстан уақытша шеттету бойынша жедел шаралар қабылданады.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, Қазақстанда алғаш рет санитариялық-эпидемиологиялық қызметтің бірыңғай цифрлық экожүйесі құрылды. Ол:
- мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық бақылауды;
- декреттелген мамандық иелерінің медициналық тексерулерін;
- зертханалық зерттеулерді;
- кәсіпорындардағы өндірістік бақылауды;
- халықтың вакцинациясын мониторингтеуді біріктіреді.
Жаңа цифрлық шешім құжат айналымын жеңілдетіп, санитариялық бақылаудың тиімділігін арттыруға бағытталған.