Қазақстанда медициналық білім беру жүйесіне бірқатар маңызды өзгеріс енгізіледі. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Қарағанды медицина университетінде өткен кеңесте мәлімдеді, деп хабарлайды ult.kz.
Министрдің айтуынша, заңнамалық өзгерістер аясында болашақ дәрігерлерді даярлау жүйесі практикалық денсаулық сақтау саласының нақты сұранысына бейімделеді. Соған сәйкес интернатура мерзімі ұзартылады, дәрігер-интерннің ресми мәртебесі енгізіледі және олардың практикалық қызметке қатысу мүмкіндігі кеңейтіледі. Сондай-ақ резидент-дәрігерлерді даярлау жүйесі де жетілдіріледі.
Енді медициналық жоғары оқу орындарында білім беру бағдарламаларының практикалық бөлігі күшейтіледі. Болашақ дәрігерлер тек стационарда ғана емес, алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсету деңгейінде де жұмыс істеуге дайындалады. Бұл түлектердің нақты еңбек жағдайына тез бейімделуіне және кәсіби дағдыларын ерте қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Ақмарал Әлназарова Қарағандыда салынатын жаңа перинаталдық орталық пен 300 орындық университеттік клиника медициналық кадрларды даярлаудың маңызды базасына айналатынын атап өтті.
Сонымен қатар министр университетте жасанды интеллект негізіндегі медициналық жобалармен танысты. Атап айтқанда, медициналық құжаттарды автоматты түрде жүргізуге арналған AI Med Voice жүйесі таныстырылды. Министр жасанды интеллектіні енгізу денсаулық сақтау мен медициналық білім беруді цифрландырудың негізгі бағыттарының бірі болуы тиіс екенін айтты.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, медициналық білім беру реформасының басты мақсаты – қазіргі заман талаптарына сай жұмыс істей алатын және халыққа көрсетілетін медициналық көмектің сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ететін бәсекеге қабілетті мамандар даярлау.