Президенттің «Caspi Bitum» БК» ЖШС-да шикізатты терең өңдеуді дамыту жөніндегі тапсырмаларының орындалуы туралы Маңғыстау облысына жұмыс сапары барысында Премьер-министр Олжас Бектеновке баяндалды, деп хабарлайды ult.kz.
«ҚазМұнайГаз»ҰК» АҚ басқарма төрағасы Асхат Хасенов зауытты жаңғырту аясында кәсіпорынның қуаттылығы жылына 500 мыңнан 750 мың тоннаға дейін ұлғайтылғанын баяндады.
Кәсіпорын ҚР СТ 1373 стандарты бойынша мұнай жол битумын ғана емес, сонымен қатар жоғары беріктігімен ерекшеленетін модификацияланған битумды, сондай-ақ жыл бойы жөнелтуге мүмкіндік беретін 200 мың тоннаға дейін қапталған битумды шығарады.
«Бұл зауыттың бірегейлігі – өзге мұнай өңдеу зауыттарынан айырмашылығы, ол тек Қаражанбас кен орнының мұнайынан битум өндіруге маманданған. Аталған кен орнындағы мұнай құрамындағы битумдық фракциялардың үлесі 50%-ға дейін жетеді. “ҚазМұнайГаз” ұлттық компаниясы құрамында екі битум зауыты жұмыс істейді: бірі – жылына 750 мың тонна, екіншісі – Павлодардағы жылдық қуаты 500 мың тонна зауыт. Осылайша, “ҚазМұнайГаз” жылына 1,2 млн тонна битумға деген ішкі сұранысты қамтамасыз етіп отыр. Бұл Мемлекет басшысының берген тапсырмасына толық сәйкес келеді», – деп баяндады Асхат Хасенов.