Қазақстанда балаларға фастфуд пен тәтті сусындар жарнамасын шектеу ұсынылды

Қазақстанда балаларға фастфуд пен тәтті сусындар жарнамасын шектеу ұсынылды
ашық дереккөз

Қазақстанда балалар мен жасөспірімдерге бағытталған фастфуд, тәтті сусындар және құрамында қант, тұз бен қаныққан май мөлшері жоғары өнімдердің жарнамасын шектеу ұсынылды, деп хабарлайды ult.kz.

Денсаулық сақтау министрлігі аталған өнімдердің жарнамасын теледидар мен радио, әлеуметтік желілер және сыртқы жарнама құралдарында шектеуге қатысты заңнамалық ұсыныстар әзірледі.

Бұған дейін Мемлекет басшысы Үкіметке фастфудтың агрессивті жарнамасы мәселесін қарастыруды тапсырған болатын. Президент мұндай жарнаманың балалар арасында зиянды әдеттердің қалыптасуына әсер етіп, денсаулық сақтау жүйесіне түсетін жүктемені арттыратынын айтқан.

Министрліктің мәліметінше, ұсыныстың негізгі мақсаты – балалардың тағамдық таңдауына маркетингтік ықпалды азайтып, ерте жастан дұрыс тамақтану әдетін қалыптастыру.

Зерттеу нәтижелеріне сәйкес, Қазақстанда 6-9 жастағы балалардың 23 пайызында артық салмақ бар, ал 6 пайызы семіздікке шалдыққан. Сонымен қатар жасөспірімдердің 17,5 пайызы энергетикалық сусындарды апта сайын тұтынады.

Министрлік ұсыныстарды әзірлеу кезінде халықаралық тәжірибе мен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынымдарын ескерген. Қазір бұл шектеулердің ықпалын бағалау үшін реттеушілік әсерді талдау жұмыстары басталды.

Айта кетейік, Қазақстанда 21 жасқа толмағандарға энергетикалық сусындарды сатуға тыйым салынған. Ал 2025 жылғы қыркүйектен бастап білім беру ұйымдарында жаңа тамақтану стандарты енгізілді. Құжатта балалар рационындағы қант пен тұзды азайтып, көкөніс, жеміс және сүт өнімдерінің үлесін арттыру көзделген.

Министрлік бұл шаралар белгілі бір өнімдерді сатуға тыйым салуды емес, олардың балалар арасында жарнамалануы мен насихатталуын шектеуді көздейтінін атап өтті.