Қазақстан жылқы саны бойынша әлемде төртінші орында

Қазақстан жылқы саны бойынша әлемде төртінші орында
ашық дереккөз

Қазақстан жылқы саны бойынша әлемде төртінші орынға көтерілді. Бұл туралы Ranking.kz БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының (FAO) деректеріне сүйене отырып хабарлады, деп хабарлайды ult.kz.

Әлемдегі жылқы саны ең көп елдердің алғашқы бестігі мынадай:

  • Мексика — 6,4 млн бас;
  • Бразилия — 5,7 млн бас;
  • Моңғолия — 4,7 млн бас;
  • Қазақстан — 4,4 млн бас;
  • Қытай — 3,5 млн бас.

Бұл ретте Қазақстандағы жылқы саны 2025 жылға қарай 4,6 млн басқа жеткен.

Орталық Азияда Қазақстан көш бастап тұр

Қазақстан жылқы саны бойынша Орталық Азия елдерінің арасында айқын көш бастап келеді. Мәселен, Қырғызстан әлемдік рейтингте 17-орында — 553,5 мың бас, Өзбекстан 30-орында — 283 мың бас, Тәжікстан 51-орында — 92 мың бас. Ал Түрікменстанда жылқы саны 27,6 мың басты құрайды.

Қазақстанда 2020-2025 жылдар аралығында жылқы саны 48,4 пайызға өскен. Яғни бес жыл ішінде көрсеткіш 3,1 млн бастан 4,6 млн басқа дейін артқан. Салыстырмалы түрде Қырғызстанда осы кезеңдегі өсім небәрі 4,9 пайыз болған.

Жылқы ең көп шоғырланған өңірлер

Қазақстанның барлық өңірінде жылқы шаруашылығы дамыған. Жылқы саны бойынша көш бастап тұрған облыстар:

  • Түркістан облысы — 499,9 мың бас;
  • Абай облысы — 409,3 мың бас;
  • Ақтөбе облысы — 399,7 мың бас;
  • Қарағанды облысы — 399 мың бас.

Мамандар саладағы өсімді Қазақстанның кең жайылымдық жерлерімен қатар, мемлекеттік қолдау мен инвестицияның артуымен байланыстырады.

Мәселен, жылқы өсіру саласына негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 2020 жылы 3,5 млрд теңге болса, 2025 жылы 26,2 млрд теңгеге жеткен. Ал ең жоғары көрсеткіш 2023 жылы тіркеліп, 49 млрд теңгені құраған.

Қазақстанның жылқы шаруашылығындағы бұл көрсеткіштер ел спортшыларының көшпенділер ойындарындағы жетістіктерімен де үндесіп отыр. IV Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында Қазақстан құрамасы 74 медаль, оның ішінде 32 алтын жеңіп алып, ат спорты түрлерінде үздік нәтиже көрсеткен.