Қазақстан жаңа туған нәрестелерге медициналық көмек көрсету сапасы бойынша Орталық Азия елдері арасында жетекші орынға шықты. Бұл туралы Дүниежүзілік банк, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДҰ), ЮНИСЕФ, БҰҰ және IGME-нің бірлескен есебінде айтылған, деп хабарлайды ult.kz.
2025 жылдың қорытындысы бойынша елімізде неонаталдық өлім-жітім деңгейі (нәрестенің өмірінің алғашқы 28 күніндегі өлімі) 1000 тірі туған сәбиге шаққанда 3,04 болды. Бұл – Орталық Азиядағы ең төмен көрсеткіштердің бірі және АҚШ деңгейімен шамалас.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, қазақстандық неонатологтар мен реаниматологтар салмағы небәрі 500 грамм болып туған нәрестелерді де аман алып қалу үшін жоғары технологиялық медициналық көмек көрсетеді. Заманауи перинаталдық технологиялар мен дәрігерлердің кәсіби біліктілігінің арқасында соңғы жылдары мұндай сәбилердің өмір сүру көрсеткіші төрт есеге артқан.
Жаңа туған нәрестелердің қарқынды терапия бөлімшелерінде жұмыс істейтін бір мейіргер бір ауысымда сәбидің өмірін сақтау үшін 20-ға дейін дәл медициналық манипуляция орындайды. Арнайы медициналық жабдықтар мен мамандар нәрестенің әрбір тынысын үздіксіз бақылап отырады.
Өткен жылы Қазақстанда 17 мыңға жуық шала туған сәби дүниеге келген. Олардың барлығы жоғары технологиялық медициналық көмектің толық кешенін алған.
Денсаулық сақтау министрлігі бұл нәтижелер ана мен бала денсаулығын қорғау жүйесін тұрақты дамыту, заманауи медициналық технологияларды енгізу және медицина қызметкерлерінің кәсіби еңбегінің жемісі екенін атап өтті.