Қазақстан тарихында алғаш рет семсерлесуден әлем чемпионы атанды

Қазақстан тарихында алғаш рет семсерлесуден әлем чемпионы атанды
instagram.com/kazakhstan_fencing//photopavia/

Қазақстанның ерлер құрамасы шпагамен семсерлесуден тарихта тұңғыш рет әлем чемпионы атанды, деп хабарлайды ult.kz.

Гонконгте (Қытай) өткен әлем чемпионатының финалында қазақстандықтар Украина құрамасымен кездесті. Финалдың тағы бір ерекшелігі – Қазақстан құрамасының бас бапкері, украиналық маман Александр Горбачуктың өз елінің құрамасына қарсы шыққаны болды.

Финалдағы Қазақстан құрамасының сапында Вадим Шарлаимов, Ерлік Сертай, Кирилл Проходов және Руслан Курбанов өнер көрсетті.

Алғашқы жекпе-жектерде қос команда бір-бірін барлап, тіпті енжар әрекет еткені үшін екі жақ та ескерту алды. Алайда кездесудің алғашқы үштен бір бөлігінен кейін Қазақстан құрамасы екі ұпай айырмасымен алға шықты.

Кездесудің ортасында Вадим Шарлаимов аяғын жеңіл жарақаттап алып, медициналық үзіліс жасауға мәжбүр болды. Соған қарамастан бапкер оны алмастырмай, үзілістен кейін Шарлаимов төрт ұпайлық сәтті серия жасап, командасының басымдығын арттырды.

Матчтың соңына қарай Украина құрамасы есеп айырмасын екі ұпайға дейін қысқартты.

Алайда жарақатына байланысты Вадим Шарлаимов финалдағы соңғы жекпе-жегіне шыға алмады. Оның орнына елдегі әлем чемпионаттарының жеке сынында жүлде алған жалғыз семсерлесуші Руслан Курбанов шықты.

Соңғы айқас алдында Қазақстан құрамасы бес ұпай басымдыққа ие болды. Шешуші жекпе-жекке 19 жастағы Кирилл Проходов шығып, жауапкершілікті сәтті еңсеріп, матчты жеңіспен аяқтады.

Қорытынды есеп – 45:40. Қазақстан құрамасы алғаш рет әлем чемпионы атанды.

Айта кетейік, турнир басталар алдында Қазақстан құрамасы әлемдік рейтингте 5-орында тұрған болатын. Сондықтан бұл жеңісті күтпеген әрі сенсациялық нәтиже деуге болады.

Қола жүлдені тартысты бәсекеде Мысыр құрамасы жеңіп алды. Айта кетейік, қазақстандықтар бұл команданы жартылай финалда жеңген болатын.

Гонконгте өтіп жатқан әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы Финляндия, Өзбекстан, Дания және Мысыр құрамаларын жеңіп шықты.

Ең тартысты кездесу Өзбекстан құрамасына қарсы өтті. Бұл матчта қазақстандық семсерлесушілер есептегі басымдықты қайтарып, соңғы сәтте бір ғана ұпай айырмасымен жеңіске жетті.

Еске салайық, бұған дейін Қазақстан құрамасының әлем чемпионаттарындағы ең үздік нәтижесі өткен жылы Грузияда жеңіп алған қола жүлде болатын.

Тарихи алтын медальдан кейін команда көшбасшысы Руслан Курбанов Tengri Sport басылымына берген сұхбатында Қазақстандағы семсерлесу спортының дамуы туралы пікір білдірді.