Қазақстанда жолаушылар пойыздарын спутниктік интернетпен жабдықтау жұмыстары жалғасып жатыр. Қазірдің өзінде 31 бағыттағы 59 пойыз құрамының 770-тен астам вагонында Starlink интернеті қолжетімді, деп хабарлайды ult.kz.
Жоба цифрлық инфрақұрылымды дамыту және жолаушылар тасымалының сапасын арттыру мақсатында жүзеге асырылып отыр.
Жоспар бойынша қыркүйек айының соңына дейін 50 бағыттағы 124 пойыз құрамын, яғни 1 235 вагонды спутниктік интернетпен қамту көзделген.
Спутниктік интернетті пойыздарда сынақтан өткізу жұмыстары 2025 жылы басталған. Алғашқы жобалар Астана – Алматы, Астана – Өскемен, Астана – Бурабай, Астана – Семей және Алматы – Маңғышлақ бағыттарында жүзеге асырылды. 2026 жылы жоба кең көлемде енгізіле бастады.
Қазір интернет Нұрлы жол – Алматы, Нұрлы жол – Өскемен, Нұрлы жол – Орал, Нұрлы жол – Петропавл, Алматы-2 – Өскемен, Қызылорда – Семей, Ақтөбе – Алматы-1, Маңғыстау – Ақтөбе, Орал – Маңғыстау, Ақтөбе – Қазалы, Ақтөбе – Атырау және Павлодар – Алматы бағыттарында қолжетімді.
Спутниктік байланыс арқылы интернет жылдамдығы секундына 100 Мбитке дейін жетеді. Төмен орбиталы спутниктердің көмегімен дәстүрлі байланыс желілері нашар қамтитын теміржолдың шалғай учаскелерінде де интернетке қосылуға мүмкіндік бар.
Жолаушыларға интернеттің базалық тегін пакеті ұсынылады. Оның аясында WhatsApp пен Telegram арқылы мәтіндік хабарламалар жіберуге қосымша ақы алынбайды. Ал интернетті толыққанды пайдаланғысы келетін жолаушыларға қосымша тарифтік пакеттер ұсынылады.
Жоба пойыздарда жұмыс істеу, онлайн оқу, жақындармен байланыста болу, сондай-ақ мемлекеттік және банктік қызметтерді пайдалану мүмкіндігін кеңейтеді.
Сонымен қатар спутниктік интернетті енгізу болашақта пойыздарда мультимедиялық және басқа да цифрлық сервистерді дамытуға мүмкіндік беретін технологиялық негіз қалыптастырмақ.