Қазақстан қатарынан екінші жыл Өзбекстан нарығына өсімдік майын жеткізетін ең ірі экспорттаушы ел болып отыр.
2025 жылғы қыркүйек пен 2026 жылғы мамыр аралығында Қазақстанның май-тоңмай өнімдерінің Өзбекстанға экспорты 553 мың тоннаға жетті. Бұл өткен маркетингтік жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 130,8 мың тоннаға немесе 31%-ға артық.
2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанның Өзбекстандағы өсімдік майы нарығындағы үлесі 90%-дан асты. Соңғы бес маусым бойы жеткізілім көлемі тұрақты түрде өсіп келеді.
Сонымен қатар, май-тоңмай саласы өнімдерінің жалпы экспорт көлемі де артып отыр. Маркетингтік жылдың тоғыз айында Қазақстан шетел нарығына өсімдік майын, шрот пен күнжараны 944 млн АҚШ доллары көлемінде экспорттады.
Экспорттан түскен табыс 2024/2025 маркетингтік жылының қыркүйек–мамыр кезеңімен салыстырғанда 331 млн АҚШ долларына немесе 54%-ға өсті. Болжам бойынша, ағымдағы маркетингтік жылдың соңына қарай өсімдік майы, шрот пен күнжара экспортының көлемі 1,15 млрд АҚШ долларынан асады.
Сыртқы нарыққа жеткізілімнің ұлғаюына елдегі қайта өңдеу саласының дамуы ықпал етуде. Қазіргі таңда Қазақстанда майлы дақылдарды өңдеу қуаты жылына 5,2 млн тоннадан асады. Оның ішінде күнбағыс өңдеу қуаты 4,4 млн тоннаны құрайды. Бұл Өзбекстандағы жалпы өңдеу қуатынан 700 мың тоннаға артық.
Жаңа кәсіпорындарды іске қосу және салу есебінен 2028 жылға қарай Қазақстанның май-тоңмай саласының өңдеу қуатын жылына 8 млн тоннаға дейін жеткізу жоспарланып отыр.
Қазақстанның май-тоңмай өнімдері бүгінде әлемнің 20-дан астам еліне экспортталады. Сондай-ақ еліміз Орталық Азия мемлекеттерінің күнбағыс шроты бойынша сұранысын толық қамтамасыз етіп, күнбағыс майын экспорттау көлемі жөнінен әлемде алтыншы орында тұр.
Алдағы уақытта сала әлемдегі күнбағыс майын экспорттайтын жетекші үш елдің қатарына қосылып, экспорттық түсімді 2 млрд АҚШ долларына дейін жеткізуді көздеп отыр.