ҚР сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев Үкімет отырысында ішкі нарықты азық-түлікпен қамтамасыз ету бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады, деп хабарлайды ult.kz.
Ол бүгінгі таңда Қазақстан көптеген базалық өнімдер бойынша ішкі сұранысты толық қамтамасыз ететінін атап өтті.
«Күнбағыс майы, ұн, күріш, картоп, пияз, сәбіз, макарон өнімдері, сиыр және қой еті бойынша 100% қамтылған», — деді Арман Шаққалиев.
Сондай-ақ ол бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша ішкі тауар айналымының көлемі 15,3%-ға өсіп, 36,2 трлн теңгеге жеткенін хабарлады.
Негізгі өсім азық-түлік сегменті есебінен қамтамасыз етілді. Оның өсімі шамамен 30%-ды құрады.
Отандық агроөнеркәсіп өндірушілерінің сыртқы нарықтағы ұстанымдары да нығаюда. Қаңтар–мамыр айларының қорытындысы бойынша азық-түлік экспорты 34,4%-ға өсіп, $1,6 млрд-ты құрады.
«Сонымен қатар импортқа тәуелділік төмендеді. Оның үлесі 14,7%-ға дейін қысқарды. Бүгінде Қазақстан ең қажетті өнімдермен ішкі сұранысты қамтамасыз етеді», — деді Арман Шаққалиев.
Ал бес айдың қорытындысы бойынша шикізаттық емес тауарлар экспорты 12%-ға өсіп, $10 млрд-тан асты.
Қазақстанның ішкі нарығы отандық өндірушілер үшін сұраныстың басты көзі болып қала беретіні атап өтілді.