Freedom Inside '26

Қазақстан мен Қатар: стратегиялық серіктестік жаңа кезеңге қадам басты

Қазақстан мен Қатар: стратегиялық серіктестік жаңа кезеңге қадам басты
silkwaytv.kz

Соңғы жылдары Қазақстан мен Қатар арасындағы қарым-қатынас қарқынды дамып келеді. Екі ел арасындағы ынтымақтастықтың басты бағыты ретінде экономика алдыңғы қатарға шыққанын байқауға болады. Егер бұрын саяси және мәдени байланыстар жиі айтылса, бүгінде мәлімдемелерде инвестициялар, нақты жобалар және іскерлік әріптестік көбірек аталады, деп хабарлайды ult.kz.

Еске салсақ, 2024 жылғы ақпанда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қатарға сапары барысында энергетика, қаржы, телекоммуникация және ауыл шаруашылығы сияқты салаларды қамтитын жалпы құны 18 млрд АҚШ долларына жуық 12 коммерциялық келісімге қол қойылған. Қазіргі уақытта оларды іске асыру бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуде және қатарлық компаниялар Қазақстан нарығына ірі инвестициялық жобалармен шығып жатыр деп хабарлаған болатын Үкімет.

2025 жылы шілдеде Астанада өткен Қазақстан–Қатар үкіметаралық комиссиясының жетінші отырысында тараптар инвестициялық ынтымақтастықты тереңдету, Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту, агроөнеркәсіптік сауданы кеңейту және ұзақмерзімді стратегиялық әріптестік аясындағы жалпы құны 20 млрд доллар болатын жобаларды жүзеге асыру мәселелерін қарастырған болатын.

Ресми мәлімет бойынша Қатардан Қазақстанға тікелей инвестиция көлемі 2024 жылы 2023 жылмен салыстырғанда 18 есеге, яғни $8,9 млн-нан $156,4 млн-ға дейін өскен.

Ресми мәлімдемелерде көлік және логистика саласындағы ықпалдастыққа да ерекше мән беріледі. Қазақстан өзін Еуропа мен Азияны байланыстыратын транзиттік хаб ретінде таныстырып келеді. Ал Қатар үшін бұл жаңа нарықтарға шығудың қосымша мүмкіндігі болуы мүмкін.

2026 жылы Қатарға жасаған сапары кезінде Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев катарлық ірі компаниялармен энергетика, газ өңдеу, телекоммуникация және көлік-логистика бағыттарындағы жобаларды талқылап, тараптар перспективалы инвестициялық және инфрақұрылымдық бастамалар бойынша диалогты жалғастыруға уағдаласты.

Өз кезегінде, Қатар тарапының мәлімдемелерінде Қазақстан Орталық Азиядағы маңызды серіктес ретінде сипатталады. Бұл жерде елдің географиялық орналасуы, транзиттік әлеуеті және өңірдегі экономикалық тұрақтылығы негізгі фактор ретінде көрсетіледі.

Сондай-ақ Қазақстан билігінің ақпараттарында бірлескен жобалардың ұзақмерзімді сипатқа ие екені жиі айтылады. Бұл жерде мәселе тек капитал тартуда емес. Сарапшылардың пікірінше, ірі инвестициялық жобалар мемлекеттер арасындағы байланысты әлдеқайда тұрақты етеді. Өйткені бизнес мүддесі пайда болған жерде саяси және экономикалық байланыстар да нығая түседі.

Тағы бір назар аударатын мәселе – Қазақстанның Таяу Шығыс бағытындағы белсенділігі. Соңғы жылдары ресми деңгейде Парсы шығанағы елдерімен ынтымақтастықты кеңейтуге басымдық беріліп келеді. Осы тұрғыдан алғанда, Қатармен қарым-қатынастың күшеюі Қазақстанның аталған өңірдегі позициясын нығайтатын фактор ретінде бағалануда.

Егер жарияланған бастамалар толық іске асса, Қазақстан мен Қатар ынтымақтастығы Орталық Азия мен Таяу Шығыс арасындағы өзара тиімді әріптестіктің табысты үлгілерінің біріне айналуы мүмкін.