Қазақстан мен БАӘ жүргізуші куәліктерін өзара тану туралы келісімді іске қосты

Қазақстан мен БАӘ жүргізуші куәліктерін өзара тану туралы келісімді іске қосты
Polisia.kz

2026 жылғы 25 шілдеден бастап Қазақстан Республикасы мен Біріккен Араб Әмірліктері арасында жүргізуші куәліктерін өзара тану және айырбастау туралы келісім күшіне енді. Бұл екі ел азаматтарына ұлттық жүргізуші куәліктерін пайдалану мен айырбастау рәсімін айтарлықтай жеңілдетеді, деп хабарлайды ult.kz.

Келісімге Қазақстанның Ішкі істер министрі Ержан Саденовтің БАӘ-ге жұмыс сапары барысында қол қойылған.

Жаңа тәртіпке сәйкес, Біріккен Араб Әмірліктеріне уақытша барған Қазақстан азаматтары жергілікті заңнамаға сай қазақстандық жүргізуші куәлігін пайдалана алады. Ал БАӘ-ге тұрақты қоныс аударған жағдайда «B» санаты мен «B1» кіші санаты бойынша теориялық және практикалық емтихан тапсырмай-ақ жүргізуші куәлігін айырбастауға мүмкіндік алады.

Дәл осындай жеңілдік Қазақстанға тұрақты тұруға көшкен БАӘ азаматтарына да беріледі.

Жүргізуші куәлігін айырбастау үшін жарамды ұлттық жүргізуші куәлігі, қолданыстағы тұруға ықтиярхат, құжаттың ресми аудармасы және міндетті медициналық тексеруден өткені туралы анықтама қажет болады. Бұл ретте ұлттық жүргізуші куәлігі тәркіленбейді, ал айырбастау рәсімі аяқталғаннан кейін екі елдің уәкілетті органдары бір-бірін тек рәсімнің жүргізілгені туралы хабардар етеді.

Айта кетейік, жеңілдетілген тәртіп тек «B» және «B1» санаттарына ғана қолданылады. Ал өзге санаттағы жүргізуші куәліктері қабылдаушы мемлекеттің заңнамасына сәйкес айырбасталады.

Ішкі істер министрлігі азаматтарды шетелде жүрген кезде қабылдаушы елдің заңдарын сақтауға, қоғамдық тәртіпті құрметтеуге және Қазақстанның оң халықаралық беделін қалыптастыруға үлес қосуға шақырды.