Қазақстанның IT-қызмет экспорты өткен жылы 1 миллиард доллардан асты. Қазір отандық цифрлық өнімдерді әлемнің 100-ден астам елі пайдаланады. Бұл туралы журналист Тоқтар Жақаш Facebook-тегі парақшасында жазды, деп хабарлайды ult.kz.
Оның айтуынша, бұл көрсеткіш Қазақстан экономикасында IT саласының маңызы артып келе жатқанын көрсетеді.
«Бұрын “Қазақстан не экспорттайды?” десе, “мұнай, металл, астық” дейтінбіз. Енді оған IT өнімдерін де қосатын уақыт келді», – деп жазды журналист.
Тоқтар Жақаштың жазуынша, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Астанада өткен AI & Digital Bridge форумында жасанды интеллект пен технологияларды экономиканың нақты мәселелерін шешуге бағыттау қажеттігін айтқан.
Президент сондай-ақ Дональд Трамптың бастамасымен АҚШ-тың жетекші технологиялық компанияларының Суперинтеллект туралы келісімге қол қойғанын атап өткен. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл тәсілді мүдделі мемлекеттер жан-жақты талқылап, жаһандық деңгейде қабылдауға болатын үлгі ретінде қарастыруға болатынын айтқан.
Журналисттің пікірінше, жасанды интеллект технологияларын конференциялар мен форумдар аясындағы талқылаумен шектемей, өндіріс, ауыл шаруашылығы, медицина, білім және бизнес салаларына енгізу маңызды.
Ол сондай-ақ Президент ұсынған AI Challenge секілді бастамалар арқылы перспективалы жобаларды анықтап, оларды өндірістің өзінде қолдану қажеттігін атап өтті.
«1 миллиард доллар табыс – болашақ қадамның “біссіміллә” бастамасы. Бұл енді Қазақстанның сыртқа сататын экспорты – мұнай емес, металл емес, қазақстандық ақыл мен технология болуы әбден мүмкін», – деп жазды Тоқтар Жақаш.