Қазақстан халықаралық инвестициялық тартымдылығы бойынша позициясын нығайтып келеді. Ел 2026 жылғы «Инвесторлар үшін ең қауіпсіз елдер» жаһандық рейтингінде 17 сатыға жоғарылап, 53-орынға көтерілді. Осылайша Қазақстан Орталық Азиядағы көшбасшы мәртебесін сақтап отыр, деп хабарлайды ult.kz investing.com-ға сілтеме жасап.
2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында елге тартылған инвестиция көлемі 9,6%-ға өсіп, 20 миллиард АҚШ долларынан асты. Жеке инвестициялар ағыны 21%-дан астам ұлғайды. Сарапшылар бұл көрсеткіштерді Қазақстан экономикасына деген халықаралық сенімнің артуымен байланыстырады.
Соңғы жылдары жаһандық инвесторлар табиғи ресурстардан гөрі мемлекеттік институттардың тиімділігіне, экономикалық саясаттың тұрақтылығына және ұзақ мерзімді даму әлеуетіне көбірек мән бере бастады. Осы тұрғыдан алғанда Қазақстан халықаралық капитал үшін сенімді бағыт ретінде бағаланып келеді.
Халықаралық валюта қорының болжамынша, Қазақстан экономикасы 2026 жылы 4,6%-ға өседі. Ал Дүниежүзілік банк елдегі тұрақты экономикалық өсім алдағы жылдары да сақталатынын атап өтеді.
Экономиканың құрылымы да өзгеріп келеді. Соңғы жылдары өсімнің негізгі драйверлері өңдеу өнеркәсібі, көлік, логистика, құрылыс және сауда салалары болды. Жаңа инвестициялар да дәл осы бағыттарға көбірек тартылуда. Бұл Қазақстанның шикізаттық экономикадан әртараптандырылған өндірістік модельге кезең-кезеңімен көшіп жатқанын көрсетеді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен инвестициялық саясат жаңа сапалық деңгейге көтерілді. Басты басымдық енді тек капитал тарту емес, жоғары технологиялы өндірістерді дамыту, өңдеу өнеркәсібін күшейту, өндірісті жергіліктендіру және ұзақ мерзімді инвестицияларды ынталандыру болып отыр.
Осы саясат аясында Инвестициялық штаб, Ұлттық цифрлық инвестициялық платформа және стратегиялық инвесторларға арналған 25 жылға дейінгі тұрақты шарттарды көздейтін инвестициялық келісімдер енгізілді. Сонымен қатар инвесторлар мен жоғары білікті мамандар үшін «Алтын» визасы іске қосылуда.
Қазақстанның инвестициялық сенімділігі халықаралық рейтингтік агенттіктердің бағалауымен де расталды. Fitch Ratings елдің егемен кредиттік рейтингін BBB деңгейінде тұрақты болжаммен сақтады. S&P Global Ratings Қазақстанның BBB- рейтингін оң болжаммен растады. Ал Moody's агенттігі Baa1 рейтингін оң болжаммен өзгертпеді. Бұл үш жетекші халықаралық агенттіктің бағалауы Қазақстан экономикасының тұрақтылығы мен инвестициялық деңгейін тағы бір мәрте дәлелдейді.
Қазақстанның халықаралық рейтингтердегі көрсеткіштері де жақсарып келеді. Ел IMD World Competitiveness Ranking рейтингіндегі позициясын нығайтса, Global Peace Index бойынша бес сатыға көтерілді. Сондай-ақ БҰҰ-ның Тұрақты даму жөніндегі 2026 жылғы баяндамасында Қазақстан 169 мемлекеттің ішінде 67-орынға көтеріліп, Түркия, Үндістан, Индонезия, Мексика, Сауд Арабиясы және Оңтүстік Африка сияқты бірқатар ірі дамушы экономикаларды басып озды.
Халықаралық сарапшылардың бағалауынша, мұндай рейтингтер елдің беделін арттырып қана қоймай, инвестициялық тәуекелді төмендетуге, капитал тарту құнын азайтуға және халықаралық бизнестің Қазақстанды жаңа жобаларға арналған сенімді алаң ретінде қарастыруына ықпал етеді.