Астанада V Еуразия экономикалық форумы басталды, деп хабарлайды ult.kz.
Биылғы халықаралық пікірталас алаңы «Жаһандық цифрлық бәсекедегі ЕАЭО: жасанды интеллектіге басымдық беру» тақырыбына арналды. Форумға Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдердің басшылары мен халықаралық делегациялар қатысты.
Іс-шараға Ресей президенті Владимир Путин, Беларусь президенті Александр Лукашенко, Қырғызстан президенті Садыр Жапаров, Армения вице-премьері Мгер Григорян, Куба вице-президенті Сальвадор Вальдес Меса және басқа да ресми тұлғалар келді.
Форумның пленарлық сессиясында сөз сөйлеген Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ЕАЭО-ның жаһандық экономикадағы рөліне тоқталып, ұйымның тек өңірлік интеграциялық бірлестік емес, әлемдік экономиканың маңызды субъектісіне айналғанын айтты. Оның сөзінше, қазіргі геосаяси тұрақсыздық жағдайында Одаққа мүше мемлекеттер үйлесімді іс-қимыл арқылы экономиканың тұрақтылығын сақтап келеді.
Президент жасанды интеллект технологияларының қарқынды дамуы әлемдік экономикаға түбегейлі әсер етіп жатқанын атап өтті. Ол халықаралық сарапшылардың болжамына сүйене отырып, алдағы он жылда жасанды интеллект жаһандық ішкі жалпы өнімнің өсіміне шамамен 7 триллион доллар қосуы мүмкін екенін айтты. Сонымен қатар, Халықаралық валюта қорының бағалауынша, жаңа технологиялардың енгізілуі салдарынан әлемдегі жұмыс орындарының 40 пайызына дейін қысқару қаупі бар екенін еске салды.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда 2026 жыл «Жасанды интеллект және цифрлық даму жылы» болып жарияланғанын айтты. Мемлекет басшысының сөзінше, елде цифрлық трансформацияны жеделдету үшін Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі құрылған. Сондай-ақ Қазақстан NVIDIA технологиялары негізінде екі суперкомпьютерді іске қосқан алғашқы өңірлік мемлекеттердің бірі болды.
Президент Қазақстанның ЕАЭО елдерімен цифрлық трансформация бағытында ынтымақтастыққа ашық екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, кедендік рәсімдерді жеделдету, электрондық цифрлық қолтаңбаларды өзара тану және логистика мен өнеркәсіп саласына жасанды интеллектіні енгізу ұйым кеңістігіндегі экономикалық байланысты күшейтеді.
Мемлекет басшысы жаңа технологиялар ЕАЭО елдері арасындағы «цифрлық алшақтықты» тереңдетпеуі тиіс екенін айтты. Керісінше, олар мемлекеттер арасындағы экономикалық ықпалдастықты нығайтудың тиімді құралына айналуы қажет екенін жеткізді.
Форум барысында жасанды интеллектіні жауапкершілікпен дамыту жөніндегі бірлескен мәлімдеме қабылданды. Құжат ЕАЭО елдерінің экономиканың негізгі секторларын цифрландыруға қатысты ортақ ұстанымын қалыптастыруға бағытталған.