Елордада Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосыновтың төрағалығымен Қазақстан ұлттық құрамасының XX жазғы Азия ойындарына дайындығына арналған кеңес өтті. Жиынға спорт федерациялары мен өңірлік басқармалардың өкілдері қатысты, деп хабарлайды Ult.kz.
XX жазғы Азия ойындары 2026 жылғы 19 қыркүйек пен 4 қазан аралығында Жапонияның Айти префектурасы мен Нагоя қаласында өтеді. Байрақты додаға Азияның 45 елінен 15 мыңға жуық спортшы қатысады деп күтілуде. Жарыста спорттың 469 түрінен медальдар сарапқа салынады.
Қазақстан құрамасы 35 спорт түрінен сынға түсуді жоспарлап отыр. Қазіргі таңда ұлттық құраманың алдын ала тізіміне 571 спортшы енгізілген. Бұл Ханчжоуда өткен алдыңғы Азия ойындарындағы көрсеткіштен жоғары. Ол кезде Қазақстан намысын 523 спортшы қорғаған.
Ұлттық құраманы жасақтау кезінде спортшылардың халықаралық жарыстардағы нәтижелері ескеріледі.
Министрлік Қазақстан құрамасының алдына нақты медаль жоспарын қойды. Оған сәйкес, отандық спортшылар 99 медаль жеңіп алуды көздеп отыр. Бұл міндетті орындау спорт федерацияларына жүктелген.

Азия ойындарына дайындық аясында спортшылардың оқу-жаттығу процесі ұйымдастырылып, медициналық және психологиялық қолдау, тамақтану, спорттық құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету және жаттықтырушылар құрамын күшейту мәселелері қарастырылған.
Дайындықты күшейту үшін 11 елден спорттың 13 түрі бойынша 24 шетелдік жаттықтырушы-кеңесші тартылды.
Жыл басынан бері ұлттық құрамалар 226 оқу-жаттығу жиынын өткізіп, 282 халықаралық жарысқа қатысты. Оның ішінде 26 әлем чемпионаты, 71 Әлем кубогі кезеңі, 37 Азия чемпионаты және спорттың 68 түрінен 148 халықаралық турнир бар.
Азия ойындарына дейін қазақстандық спортшылар тағы 31 халықаралық жарысқа және 73 оқу-жаттығу жиынына қатысады.
Нагояда өтетін Азия ойындары Қазақстан үшін 2026 жылғы басты спорттық додалардың бірі болмақ. Ұлттық құраманың дайындығы спортшылардың халықаралық тәжірибесін арттыруға және жарысқа жан-жақты дайындалуына бағытталған.