«Қазақмыс» Жезқазған мыс балқыту зауытын жаңғыртуға 25,2 млрд теңгеден астам инвестиция бағыттады

«Қазақмыс» Жезқазған мыс балқыту зауытын жаңғыртуға 25,2 млрд теңгеден астам инвестиция бағыттады
Қазақмыс

Жезқазған мыс балқыту зауыты – «Қазақмыс» Тобының негізгі металлургиялық кәсіпорындарының бірі. 2026 жылы компания кәсіпорынға күрделі жөндеу жұмысын жүргізуге, техникалық қайта жарақтандыруға, өндірістік инфрақұрылымды дамытуға және жабдықтың сенімділігін арттыруға 25,2 млрд теңгеден астам инвестиция бағыттады.

Кешенді жаңғырту бағдарламасы негізгі өндірістік цехтарды, энергетикалық шаруашылықты, инфрақұрылым нысандары мен әлеуметтік-тұрмыстық ғимараттарды қамтиды. Бағдарламаның басты мақсаты – зауыттың тұрақты жұмысын қамтамасыз ету, өнеркәсіптік қауіпсіздік деңгейін арттыру, технологиялық үдерістің тиімділігін және өндірістің экологиялық көрсеткіштерін жақсарту.

Инвестицияның негізгі бөлігі – 15,9 млрд теңгесі – негізгі металлургиялық жабдықтарды күрделі жөндеуге бағытталды. Балқыту цехында №2 кен-термиялық пешке, №1–3 анод пештеріне және конвертер блогына (№1–4 конвертерлерге) күрделі жөндеу жұмысы жүргізілуде. Бұл жобалар технологиялық үдерістің сенімділігін арттырып, жабдықтардың қызмет ету мерзімін ұзартуға мүмкіндік береді.

Тағы 3,6 млрд теңге технологиялық жабдықтарды жаңартуға бағытталды. Мыс электролизі цехында 234 полимербетон ваннасы орнатылып, ТНДП-10000/10 күштік трансформаторы ауыстырылып жатыр, сондай-ақ №39 жаңа көпірлі кран монтаждалуда. Балқыту цехында №1 айналмалы құю машинасын, ал жылу-энергиямен жабдықтау цехында Н-900 турбоайдағышын ауыстыру көзделген.

Өндірістік инфрақұрылымды дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Бұл мақсатқа 4,4 млрд теңге қаржы бағытталды. Бағдарлама аясында №1 градирняға күрделі жөндеу жүргізіліп, мыс электролизі цехының шатыр жабыны ауыстырылуда, сондай-ақ конвертер бөлімшесінің шатыры қалпына келтірілуде. Сонымен қатар балқыту цехының әкімшілік-тұрмыстық кешеніндегі жуынатын бөлмелерде жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмысы аяқталуға жақын қалды. Бұл жұмыскерлердің тұрмыстық жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді.

Жыл соңына дейін компания шихта дайындау цехының жабдығын күрделі жөндеуге және кран жабдығына қауіпсіз қызмет көрсетуге арналған мамандандырылған алаң құруға қосымша 1,4 млрд теңге бағыттайды.

Жезқазған мыс балқыту зауытын кешенді жаңғырту компанияның металлургиялық кәсіпорындарын дамытуға бағытталған Қазақмыстың ұзақ мерзімді инвестициялық бағдарламасының бір бөлігі болып табылады. Жүзеге асырылып жатқан жобалар өндірістік үдерістің сенімділігін арттырып, жабдықтың жұмыс істеу тиімділігін көтеруге, өндірістің экологиялық тұрақтылығын қамтамасыз етуге, сондай-ақ жұмыскерлер үшін қауіпсіз әрі қолайлы еңбек жағдайын қалыптастыруға ықпал етеді.