Freedom Inside '26

«Қазақконцертте» Қазақ мемлекеттік симфониялық оркестрінің «Жаңа Әлем» концерті өтті

«Қазақконцертте» Қазақ мемлекеттік симфониялық оркестрінің «Жаңа Әлем» концерті өтті
Фото: ticketon.kz

Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен 4 маусым күні Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымында Қазақ мемлекеттік симфониялық оркестрінің «Жаңа Әлем» атты концерті өтті, деп хабарлайды ult.kz.

Концерт бағдарламасына ұлттық және әлемдік симфониялық музыканың таңдаулы туындылары енді.

Музыкалық кеш аясында қазақ кәсіби музыка өнерінің негізін қалаушылардың бірі Ахмет Жұбановтың туғанына 120 жыл толуына орай Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің «Абай» операсынан би сюитасы орындалды.

Сондай-ақ көрермендер Эдвард Григтің «Пер Гюнт» сюитасының бірінші бөлімін және Антонин Дворжактың №9 «Жаңа Әлем» симфониясын тыңдады.

Концерттің негізгі мақсаты – симфониялық музыканы кеңінен насихаттау, ұлттық композиторлардың шығармашылық мұрасын дәріптеу және әлемдік классикалық өнердің үздік үлгілерін көпшілікке ұсыну.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай жобалар отандық симфониялық өнердің дамуына серпін беріп, классикалық музыкаға қызығушылықты арттыруға ықпал етеді.