Chocofamily Holding негізін қалаушы әрі тең иесі Рамиль Мухоряпов FlyArystan директорлар кеңесіндегі тәуелсіз директор қызметін тағы үш жыл атқарады, деп хабарлайды ult.kz.
FlyArystan-ның жалғыз акционері – Air Astana оның өкілеттігін 2026 жылғы 11 қазаннан 2029 жылғы 10 қазанға дейін ұзартты. Мухоряпов бұл қызметке алғаш рет 2023 жылғы қыркүйекте сайланған.
Директорлар кеңесіне сондай-ақ Air Astana бас директоры Ибрахим Жанлыел мен FlyArystan президенті Йохан Эйдхаген кірді. Жанлыел кеңес төрағасы болып сайланды.
Акционер FlyArystan-ға қатысты басқа да шешімдер қабылдады. Компания Air Astana пайдасына жалпы құны 8 млрд теңге болатын 2 млн жай акция орналастырады. Сонымен қатар FlyArystan операциялық лизингке Airbus A320neo ұшағын алады. Ұшақты 2026 жылғы қарашада жеткізу жоспарланған.
Еске салайық, Мухоряпов 2022 жылы қазақ тіліне қатысты пікірімен қоғам назарын аударған. Ресейден қоныс аударғандармен кездесуде ол қазақ тілін түсінетін адамға қазақша жауап беруді «біртүрлі» деп атап, мұны ұлтшылдықтың белгісі ретінде сипаттаған. Бұл сөзі әлеуметтік желіде қызу талқыланған еді.